Фельдшердің қазасына қатысты іс: қорғау тарапы судьяға қарсылық білдірді

0
124

Қайғылы оқиға 2025 жылғы қазанда Астанада болған.


Фельдшердің қазасына қатысты іс: қорғау тарапы судьяға қарсылық білдірді

фото:Ulysmedia

ERNUR.KZ. Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс қаралып жатыр, деп жазады ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бүгінгі сот отырысына айыпталушы Сәуле Жұбаниязованың екінші адвокаты Асхат Әлімов қосылды. Ол отырыстың кейінге шегеріліп, қылмыстық іс материалдарымен танысуға уақыт беруді сұрады. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Осыдан кейін Әлімов төрағалық етуші судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді. Осыған байланысты сот отырысында үзіліс жарияланды. Судьяға қарсылық білдіру туралы мәселені басқа судья немесе сот төрағасының міндетін атқарушы қарайды.

– Қазіргі сот отырысында қарсылық білдірілгендіктен, қорғау тарапының төрағалық етуші судьяға қарсылық білдіруге қатысты уәждері бар. Сондықтан қарсылықты шешу үшін сот отырысында үзіліс жарияланады, – деп түсіндірді Меруерт Абаева.

Оқиға қалай болды?

Қайғылы оқиға 2025 жылғы қазанда Астанада болған. Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы үйге шақыртуға барған кезде адамдардың үстіне кондиционер мен ғимараттың қасбетінің бір бөлігі құлаған. 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапты.

Тергеу 10 айға созылды. Сот алдынlf осы үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова жауап беріп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, ол ғимараттың жағдайын бақыламаған, сондай-ақ қажетті тексеру мен жөндеу жұмыстарын ұйымдастырмаған.

Прокуратура, соның ішінде, 2017 жылғы техникалық қорытындыға сүйенеді. Құжатта ғимараттың қасбетін, шатырын және басқа да бөліктерін жөндеу қажеттігі көрсетілген.

Істің алғашқы сот отырысында Сәуле Жұбаниязова өз кінәсін мойындамаған.

Сот отырысын басқа МИБ төрағалары да бақылап отыр. Олар үйдің жағдайына қатысты жауапкершілікті арнайы техникалық білімі жоқ МИБ басшысына толығымен жүктеуге болмайтынын айтады. Сондай-ақ олар неліктен ғимаратты салушы компанияға қатысты талап қойылмайтынына сұрақ қойып отыр.