Мемлекет басшысы үкіметке жағдайды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
фото: Пресс-служба президента Казахстана
ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесуде ғылымды қаржыландырудың тиімділігін сынға алып, шұғыл шаралар қабылдауды талап етті, деп жазады sputnik.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды қаржыландыру ісіне қатаң тәртіп керек, қаражатты басымдықтарға қарай жұмсаған жөн деп санайды.
"Мемлекет соңғы алты жылда ғылымға арналған қаржыны бірнеше есе ұлғайтты. Жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден астам, тіпті, бұдан да көп, 500 миллион доллардан аса қаржы бөлінеді. Бұл – Қазақстан үшін қомақты ақша. Алайда ғылымды қаржыландырудың нақты нәтижесін әзірге көре алмай отырмыз", - деді президент.
Оның айтуынша Бас прокуратура салалық министрлікте және Ғылым қорында көптеген әрі ауқымды қаржылық заңбұзушылықтарға жол берілгенін әшкерелеген.
"Неліктен осылай болғанын тап басып айту қиын. Грант алушыларды аккредиттеуден бастап қаржыландыру үдерісінің барлық кезеңінде кемшіліктер көзге көрініп тұр. Менің түсінігімде, ғылым мен жемқорлық бір біріне кереғар құбылыс, екеуі қатар аталмауға тиіс. Мемлекет қаржысын жымқырғысы келетін кез келген әрекетке тосқауыл қоятын сүзгі не кедергі жоқ. Ғылыми үдерісті дамытудың тұжырымды көзқарасы қалыптаспаған", - деп сынға алды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол "әйтеуір қаражатты қалайда игерсек болды" деген ұстаным тамыр жайғанын атап өтті.
"Ғылыми жұмыстың нақты пайдасы, жаңашылдығы қандай? Оған ешкім бас қатырмайды. Бұған қоса, сараптама ұзаққа созылады. Жобалар уақтылы іске аспайды. Үкімет аталған мәселелерді егжей-тегжейлі тексеріп, жағдайды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет", – деп тапсырды президент.


