Түркі елдерінің қазіргі заманғы қылқалам өнерін дамыту аясында ұйымдастырылған көрмеге Қазақстаннан 50 суретші қатысқан.
ERNUR.KZ. Кипрдің Ирфан Гюнсель орталық конгресс залында өткен халықаралық көрмеде қазақ суретшісі Батухан Байменнің картинасы өнерсүйер қауымның жоғары бағасына ие болды. Тіпті мамандар тұтас ұлттың тарихынан сыр шертетін графикалық туындыны Гиннестің рекордтар кітабына ұсынуды лайық көріпті, деп жазады egemen.kz.
Түркі елдерінің қазіргі заманғы қылқалам өнерін дамыту аясында ұйымдастырылған көрмеге Қазақстаннан 50 суретші қатысқан. Солардың қатарында Шымкент қаласының тумасы Батухан Баймен жұртшылық назарына 60-тан астам линогравюралық туындысын ұсынған. Көрме қортындысында елімізден барған делегация ішінен Батухан Баймен бастаған екі суретшіге Кипрдің мемлекеттік деңгейдегі «Күміс кілт» сыйлығы табысталды.
Оның графикалық туындыларын өз өнер кеңістігінде көруге қызығушылық танытқан шетелдіктер шымкенттік шеберді елдеріне қонаққа шақырыпты.
Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын кезде еліміздегі көптеген графиктер бейнелеу өнерінің басқа саласына ауысып кетті. Алайда Батухан Баймен қазақ графикалық өнерінің отын өшірмей, бүгінге алып келді. Бұл реткі халықаралық көрмеде суретші тарихи, саяси және эпостық тақырыптар қамтылған шығармаларды ұсынған. Қылқалам арқылы түбі бір түркінің тамырлас екендігін жеткізген.
«Өнер майталманының қолынан шыққан биіктігі 1,5, ені 3 метрлік мазмұны бай туынды Кипрге жиналған көрерменнің көзайымына айналды. Бұл графика саласында елімізде ғана емес, әлемдегі айтулы жаңалық», дейді әріптестері.