Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ERNUR.KZ. Грузияда жұмбақ жағдайда көз жұмған қазақстандық Әсел Айтбаеваның ici бойынша полиция күдiктiнi ұстады, деп жазады Polisia.kz.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Грузияда қайтыс болған қазақстандық бойжеткен Әсел Айтпаеваның ата-анасының М. Мейірбековке қатысты шара қабылдау туралы арызының негізiнде ҚР ҚК 128-бабы бойынша (Адам саудасы) сотқа дейінгі тергеп-тексерудi бастады.
«Ауыр қылмыс жасады деп күдiктелетiн М. Мейірбеков ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінiң Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттерi жүргізiлуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, қазақстандық Әсел Айтпаева 5 мамырда Тбилисиде түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Бойжеткен үйдің 8 қабатының терезесінен құлап кеткен. Оның өліміне қатысы бар деген күдікпен Грузияда ер адам ұсталды. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдіктіге зорлау және адамның ар-намысын кемсіту арқылы өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу сияқты айыптар тағылып отыр.
Сондай-ақ марқұмның туыстары оның өліміне қатысты өз болжамын жария еткен болатын. Олардың айтуынша, алыс туысы Әселді Грузияға жұмыс істеуге шақырған. Алайда Грузияға барған соң ол туысы Әселді зорлап, артынан жергілікті кәсіпкерге сатып жіберген. Көп ұзамай бойжеткен сол кәсіпкердің, яғни бүгінгі таңда қамауға алынған күдіктінің қолынан қаза тапқан, немесе оның көрсеткен қорлық-зорлығына шыдамай өзіне қол жұмсап қайтыс болған.