Гүлмира Сатыбалды үлескерлерге тиесілі 450 млн теңгені туысқанына аударған

0
440

Компанияда куәгер 2018 жылдан 2019 жылдың мамырына дейін бухгалтер болып жұмыс істеген.


Гүлмира Сатыбалды үлескерлерге тиесілі 450 млн теңгені туысқанына аударған

ERNUR.KZ. Алматыда Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін «Baur Kazakhstan» АҚ бас есепшісі Анар Байдәулетовадан жауап алынды, деп жазады inform.kz.

Компанияда куәгер 2018 жылдан 2019 жылдың мамырына дейін бухгалтер болып жұмыс істеген.

Ал, 2020 жылдың қаңтарында Гүлмира Сатыбалды оны «Премьер-НС» ЖШС қаржы директоры ретінде жұмыс істеуге шақырған.

Жауап алу кезінде прокурор одан «ТМ Engineering Group» ЖШС есепшотынан «Galanz Bottlers» АҚ пайдасына 600 млн теңге аударылғаны жайында жәбірленуші Абай Жүнісов білді ме?» деп сұрады.

«Ол жағын білмеймін. Ол кезде Астанада іссапармен жүргенмін. Маған Қабенов пен Мекешева телефон соғып, „ТМ Engineering“ ЖШС-нен 450 млн теңге жіберіп, бақылауды тапсырды. Содан кейін мен Мекешевадан „неге үлескерлердің ақшасын жіберуім керек?“ деп сұрадым. Ол ақша қайтарылатынын және Гүлмира Сатыбалдының нұсқауы екенін жеткізді. 450 млн теңгені Шымкент қаласындағы цемент зауытына, Гүлмира Сатыбалдының туысына жібердік. Бұл нақты есімде», — деді куәгер.

Айтуынша, аталған қомақты қаржы астаналық тұрғын үй кешендерінің бірінің үлескерлеріне тиесілі.

Осыған дейін куәгерлерден жауап алу кезінде айыпталушы тарап туыстарының бірі ұйықтап кетіп, орындықтан құлап түскенін жазған едік.

Сондай-ақ кәсіпкер Абай Жүнісов Гүлмира Сатыбалды бірлескен серіктестікте ұрлық жасады деген күдікпен кінәсін мойындауды талап етіп, 2019 жылдың ақпанынан бері үйінде заңсыз қамауда ұстағанын айтты.

Былтыр Гүлмира Сатыбалды біреудің мүлкін иемдену және жымқыру қылмыстық ісі бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Еске салайық, Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Онымен бірге оның көмекшісі әрі жүргізушісі Мәди Батыршаев та айыпталып отыр.