​ИИДМ-да Соңғы 2 жылда100-ден астам сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген

0
1 040

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 70%-ін көлік, геология комитеті мен «Қазавтожол», кәсіби әскери мектеп секілді РМК ведомстволық бағынышты ұйымдарының лауазымды тұлғалары жасаған.


​ИИДМ-да Соңғы 2 жылда100-ден астам сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген

ERNUR.KZ. Бүгін Ұлттық бюро төрағасының орынбасары Қабдула Шыңғыс Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы баяндады, деп жазады BAQ.KZ


«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде соңғы 2 жылда 100 астам сыбайлас жемқорлық қылмыстары тіркелген. 59 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 41 адам сотталған. Олардың арасында республикалық деңгейде – 4, облыстық деңгейде – 30 басшы бар», - деді ол ҚР МҚІСЖҚ ІҚА Ұлттық бюро басшысының қатысуымен өткен ҚР ИИДМ қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша өткен жиында.

Ұлттық бюро төрағасының орынбасары ведомствоның бөлімшелеріндегі сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы айта кетті.

«Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 70%-ін көлік, геология комитеті мен «Қазавтожол», кәсіби әскери мектеп секілді РМК ведомстволық бағынышты ұйымдарының лауазымды тұлғалары жасаған. Сыбайлас жемқорлық фактілері негізінен келісімшарттарға қол қою үшін пара беру, заңсыз қызметтерді қамқорлыққа алу, әкімшілік шаралардың қабылданбауы, сондай- мемлекеттік сатып алулар арқылы бюджет қаржысын жымқырумен байланысты», - деді Шыңғыс.

Спикер бірінші басшылар тарапынан облыстық филиалдар мен құрылымдық ұйымдарды жемқорлыққа тарту арқылы тұтас қылмыстық схема құрылатынын айтты.

«Жер қойнауын пайдалану үшін келісімшарттар жасасуға кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алған Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Нұрабаев пен оның орынбасары Құрбановқа қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілгені бәріне белгілі. Заңсыз әрекетке олар үш аймақтық филиалдар мен облыстық геология инспекциясының басшыларын тартқан. Нұрабаев 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды», - деп айтты спикер.