ІІМ құжаттары жоқ қанша қазақстандық жеке басын куәландырғанын айтты

0
2 392

Ішкі істер министрлігі құжаттары жоқ адамдарды анықтау жөніндегі республикалық акцияны жалғастырып жатыр.


ІІМ құжаттары жоқ қанша қазақстандық жеке басын куәландырғанын айтты

ERNUR.KZ. 3 мыңнан аса адам алғаш рет құжат алды, деп жазады Tengrinews.kz.

Ішкі істер министрлігі құжаттары жоқ адамдарды анықтау жөніндегі республикалық акцияны жалғастырып жатыр. Акция былтыр қазаннан басталды, оның аясында 3 мыңнан аса адам жеке басын куәландыратын құжаттарын алды.

Олардың көпшілігі Алматы қаласында (300), Алматы (372), Қарағанды (353), Ақмола (279), Жамбыл (276) және Түркістан (284) облыстарында анықталды. Елордада 189 адамға құжаттар берілді.

Акцияны биыл қаңтарда аяқтау жоспарланған болатын, алайда құжатсыз адамдар санын қысқартудың маңыздылығын ескере отырып, жұмысты мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылданған.

Министр Ерлан Тұрғымбаев Көші-қон қызметі комитетіне азаматтарды құжаттандыруға бағытталған жұмысты жалғастыруды тапсырды.

"Азаматтығы жоқ адамдарды анықтау әлемдік проблема, мұны тексеруге және анықтауға көп уақыт кетеді. Осыған қарамастан, өткен жылы іске қосылған акция мыңдаған адамға құжаттарын алуға көмектесті және алдағы айларда еліміздің тағы бірнеше мың тұрғыны құжаттарын рәсімдей алады", - деді министр Ерлан Тұрғымбаев кеңес барысында.


Ведомство басшысы аталған акцияның әйелдер үшін маңызы зор екенін атап өтті. Жас қыздардан күйеулері немесе бірге тұратын адамдары құжаттарын тартып алатын жағдайлар да кездесіп жатады. Сонымен қатар, әйелдерді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді немесе олар еңбек құлдығына түседі.

"Әйелдер осындай жағдайға тап болса, ол аумақтық көші-қон қызметі бөлімшесіне жүгіне алады немесе "102" мобильді қосымшасы арқылы хабарлама жібере алады. Полиция қызметкерлері құжаттарды заңды түрде тегін рәсімдеуге көмектеседі", - деді елдің бас полицейі.

Министр азаматтығы жоқ адамдарды анықтауға және құжаттау рәсіміне үкіметтік емес және волонтерлік ұйымдар үлкен көмек көрсететінін атап өтті. ІІМ құқық қорғаушыларға және барлық бей-жай қарамайтын азаматтарға азаматтығы жоқ адамдардың проблемаларын шешуге көмектескені үшін алғыс білдіреді.

Ведомстводағылар азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты құқықтар мен міндеттерді атқаратынын еске салды. Олар жұмысқа орналаса алады, емханалардан қызмет ала алады, білім ала алады. Бұдан әрі азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады.