Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты.
ERNUR.KZ. Илон Маскпен жұмыс істеп жатқан Қазақстан азаматы шетелде оқуы аяқталған соң елге оралып, мемлекетіміздің көркеюіне өз үлесін қосуға дайын. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халық алдындағы есептік кездесуінде мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Бұл мәселе қоғамда бірнеше рет көтерілді. Біріншіден, халықтың жаппай көшуі туралы айтудың қажеті жоқ. Статистикаға жүгінетін болсақ, жалпы халықтың 0,2%-ы ғана кетеді. Бұл рұқсат етілген дәліз, сондықтан мұнда жаппай көшу туралы айтудың мәні жоқ. Тағы бір мәселе – көшу себептерін қарастыру керек. Жұмысқа шақырту алу, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының грантын жеңу, тағылымдамадан және практикадан өту сияқты себептермен кететіндер бар. Сондай-ақ, маңыздысы, дәл осылай кеткен жастар мен азаматтардың барлығы елге қайтып оралып, еңбек етеді», - деді Аида Балаева.
Министр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесуін мысалға келтірді.
«Санжар Тайжан бүгінде Илон Маскпен жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, ол Қазақстанға оралып, өз еліне қызмет етем деген ұмтылысын ашық білдіреді.
Өз кезегінде мемлекет олардың елге оралып, өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасайды», — деп сөзін қорытындылады Аида Балаева.