Инфляция жоғары болуы мүмкін деген күмәнді сейілту керек – Ұлттық банк

0
413

Жыл басында үкімет пен Ұлттық банктің алдына бағаны бақылауда ұстап, инфляцияны 8%-дан асырмау міндеті қойылды.


Инфляция жоғары болуы мүмкін деген күмәнді сейілту керек – Ұлттық банк

ERNUR.KZ. Ұлттық банк экономиканы тұрақтандыру үшін инфляцияның жоғарылауы туралы күмәнді сейілту керек екенін жеткізді, деп жазады stan.kz.

Осы тұста банк экономикалық агенттер, яғни, тұтас халықтың өзіне сенім артуы қажет екенін алға тартты. Бас банктің инфляцияны бақылау қабілетін бағалау да маңызды. Бұл елдің ақша-несие саясатын оңтайлы жүргізуге ықпал ететін факторлардың бірі. Инфляцияны одан әрі баяулату ісінде аталған критерийлер ерекше маңызға ие.

Инфляция аса күрделі экономикалық процесс екені белгілі. Қазір елімізде инфляцияның айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, ол әлі де жоғары болып тұр. Инфляцияны 5%-ға дейін төмендету мақсаты бас банк үшін мызғымас меже болып қала береді. Проинфляциялық қысымды жұмсарту да басты назарда. Жыл басынан бері инфляция ақырын баяулап, оң тенденция әр ай сайын жалғасуда. Дегенмен кейде бас банктың болжағанынан жоғарырақ болып отырды. Оған әсер еткен түрлі себеп бар. Мәселен жылдың алғашқы тоқсанында жорамалдың ауытқуына коммуналдық қызмет құнының күрт өсуі ықпалын тигізді. Байланыс пен қызмет көрсету саласындағы қымбатшылық та болжамды бұрмалады. Алайда реттеуші банктің ұстамды қатаң ақша-несие саясаты инфляцияны барынша ауыздықтауға жол ашты.

Ұлттық банк болжамынан бөлек инфляцияның құбылуына экономикалық агенттердің пікір-пайымы да себеп болады. Олар Ұлттық банктың жариялаған жоспарларын екшеп, бас банктың инфляцияны бақылау қабілетіне қатысты өз пайымдарын айтып отырады. Инфляциялық шуды үдетпеу үшін сарапшылардың дұрыс ұйғарым айтып, салмақты сараптама жасай білуі қажет. Нарықтағы алыпсатарлық дүрбелеңі де экономикалық агенттердің айтқанынан бастау алып жатады кейде. Яғни экономистер пікірінің инфляциямен күресте ықпалы айқын. Одан бөлек халық пен квазимемлекеттік сектордың көзқарасы да маңызды. Ал, инфляцияны тек бірге жұмыс істеу арқылы, күш біріктіріп қана ауыздықтай алатынымызды Ұлттық банк басшылығы жақсы түсінеді.

Еске сала кетейік, жыл басында үкімет пен Ұлттық банктің алдына бағаны бақылауда ұстап, инфляцияны 8%-дан асырмау міндеті қойылды. Бас банктің жоспарлы межеге ай сайын жақындай түскені байқалады. Мәселен сәуірде жылдық инфляция 8,7% деңгейінде тұрақтады. Ал, мамыр айында 8,5%-ға дейін баяулаған.