"Ажырасу - кіші өліммен тең": жалғызбасты келіншек өзінің қандай ауыртпалықтан өткенін айтты

0
136

"Тәнім тірі болғанмен, жаным өліп қалғандай бірнеше жыл жүрдім ғой. Рас, кіші өлімді бастан кешірдім"


Сурет: i.pinimg.com

"ERNUR.KZ порталына біраз уақыт бұрын жарияланған ажырасу жайлы оқиғаны оқып, ескі жарамды бір тырнап алдым. Мен де өкінішімді еске түсіріп, жастарды отбасын сақтауға шақырамын. Өйткені одан кейін сынып кетпей қайта еңсеңді көтеруге көп уақыт, жігер керек" деді хат жолдаған оқырман.


"Алғаш ажырасу деген сөзді естігенде жүрегім дір еткен. Бұл сөзді енем айтты. Екіге айырған да сол кісінің екпіні.

Соншалықты жуас болғаным ба, эмоциямды толық сыртқа шығара алмадым. Жылағаннан басқа ешнәрсе істемедім. Қазір ойлап отырып, ешқандай әрекет жасамағаныма өкінем. Мүмкін менің тарапымнан әлдеқандай қадам жасалғанда, бәлкім құрсағымдағы екі айлық шарананы айтып, көз жасымды көлдеткенде некем сақталар ма еді деп ойланам.

Қазір сол екі айлық шарана 1-курс студенті. "Өтері өтіп кеткен соң мың теңгелік қайғыдан бір теңгелік пайда жоқ. Неменеге өкініп отырсың?" дейтін боларсыз, оқырман. Мен бүгінде болмашы нәрсеге ажырасып кетіп жатқан жастарға тоқтау айтқым келіп, өткенді еске алып отырмын.

Бір жылдың ішінде әулетімізде үш неке бұзылды. Өкініштісі, олар ажырасқаннан кейін психологиялық, моральдық азап күтіп тұрғанын білмейді. Мен өз басымнан өткізген соң ол азапты сезімдерді жақсы білем.

Ажырасу жай ғана екі адамның екі жаққа кетуі емес. Бұл – бір отбасы өмірінің аяқталуы. Бір кездері бірге күліп, бірге жылап, арман құрып, болашаққа сеніп жүрген екі адамның енді жат секілді бір-бірін көрген жерде амандаспауы.

Кеше ғана “жаным” деп жүрген адам, сот залында менімен сәлемдеспеді. Көзіне көп қарадым, бірақ бұл жолы оның жанарынан ештеңе таппадым. Бос. Суық. Бөтен.

Есіме алғашқы кездесуіміз түсті. Университеттің кітапханасында бір кітапқа таласып қалдық. Ол сөмкесінен бір кітапты шығарып, “Осы кітап сізге ұнайды деп ойлаймын, бір апта оқи тұрыңызшы. Ал мынау кітаптан мен студенттік жұмыс жазуым керек” деген еді.

Жаны жұмсақ, кітапқұмар, жақсы азамат. Бірақ онда қайсарлық, табандылық жоқ. Шешесінен мені қорғай алмады. Мен оны қатты сүйдім. Сондықтан болар, төрт-бес жыл күйзелісте жүрдім. Ажырасу кіші өлім сияқты әсер етті. Бірақ ол дененің емес, рухтың өлімі. Сен тірісің, жүрегің соғып тұр, бірақ энергия жоқ, ешнәрсе қызық емес. Артта қалған сәттер бейнебір ескі фильм сияқты. Қайталап көргің келеді, бірақ экран сынып қалғандай...

Түнімен ұйықтай алмадым. Жастық су болды. "Неге бұлай болды?" деген сұрақ миымнан кетпей қойды. Қателік кімнен? Кім кінәлі? Күнде осы сценарий қайталанады. Өмір тоқтап қалмағанын, өмір сүру керектігімді білем. Бірақ құштарлық, қуат, мотивация жоқ. "Барлығы жақсы болады” деген достарымның жұбату сөздері де көмектеспеді.

Бес жыл дегенде әрең еңсемді тіктедім. Сондықтан ажырасу туралы айтылса, некеңді сақтау үшін әртіс бол, иіл, кешірім сұрай сал, ашық сөйлес, тағы бір мүмкіндік беруін жалынып өтін, қысқасы барлық амалды жаса. Егер сонда да неке баянды болмаса, онда кейін өз-өзіңді кінәламайсың және бұл сынақтан өту жеңілдеу болады.

Ал маған ешкім бұлай ақыл айтпаған. Тәнім тірі болғанмен, жаным өліп қалғандай бірнеше жыл жүрдім ғой. Рас, кіші өлімді бастан кешірдім. Мейлі, өлімнің өзі де – бір жаңғыру, жанның басқа деңгейге өтуі дейді ғой. Мүмкін ажырасу жаңа өмірдің бастамасы шығар? Бірақ өз-өзімді қолға алып, ары қарай өмір сүру мен үшін оңай болмады. Сондықтан егер жұбайыңды жақсы көрсең, отбасыны сақтап қалуға бар күшіңді салған дұрыс екен."