ERNUR.KZ. Жаркент әкімі Болат Омаров 24.kz журналисіне сұхбат берді. Шенеуніктің дөрекі жауаптары Қазнет қолданушыларын таңғалдырды. Сұхбаттың үзіндісі әлеуметтік желіде тарады, деп жазады Tengrinews.kz.
Болат Омаров жұмысының мақсаты туралы айтты. Оның сөзінше, ол Жаркент гүлденуі үшін жұмыс істеп жатыр. Кейін "Әкім" бағдарламасының тілшісі Асхат Ниязов қала басшысынан жалақысын сұрады.
"Қолыма 270 мың теңге аламын. Өзіме жетеді. Жаркенттегі орташа жалақы. Осылай шығар. Бізде кәсіпкер көп қой", - деді әкім журналист сұрақтарына.
Кейін журналист әкім қолындағы сағат туралы сұрап, "жақсы сағат" екенін айтқан, шенеунік бұған дөрекі жауап берді. "Жақсы екенін қайдан білесің? Мә, қара", - деп Болат Омаров сағатын журналиске қарай лақтырды.
"Арандату үшін қойылған сұрақтар: "Жақсы сағат". Қайдан? Осы жақтан. Іш киімім туралы да сұрамадыңыз ба? Жұмыс бойынша сұрасаңдаршы. Әйтпесе, сағатты, басқаны айтып", - деді Жаркент әкімі Болат Омаров.
Еске салайық, Жаркент әкімінің жүргізушілермен кездесуі Желі қолданушыларын ашуландырған еді. Видео кадрларында шенеунік жүргізушілердің бірімен дауыс көтеріп сөйлеседі. Бір мезетте әкімнің сөзінен кейін жиналғандар одан "неге қорқытып" сөйлеп тұрғанын сұрайды. Сондай-ақ, адамдар шенеуніктің оларға "дөрекі сөйлеп", кездейсоқ біреуді "арандатушы" дегеніне шағымданған.