Кәмелет жасына толмаған екі қыз қоғамдық көлік күтіп тұрғанда аялдаманың ішіне сурет салған.
ERNUR.KZ. Атырауда жылы аялдамалардың ішіне сурет салып, өздерінің Instagram-дағы парақшаларына жариялаған жасөспірімдер жазаланды, деп жазады exk.kz.
Атырау облыстық ауданаралық мамандандырылған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сотында аялдамаға сурет салған "суретші" қыздардың ісі қаралды.
"Кәмелет жасына толмаған екі қыз қоғамдық көлік күтіп тұрғанда аялдаманың ішіне сурет салған. Өздерінің айтуынша, олар іштері пысқаннан сурет салған. Қыздар өз істеріне өкініп, кешірім сұрады", — дейді судья Ғизатолла Отарұлы.
Екі "суретші" қаладағы колледждердің бірінде білім алады. Олар ӘҚБтК 435-бабымен (Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық) кінәлі деп танылып, әр ата-анаға 14 293 теңге айыппұл салынды.