Ішкі істер министрлігі адам саудасына қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуде

0
108

Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп адам саудасына қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр.


Ішкі істер министрлігі адам саудасына қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуде

ERNUR.KZ. Халықты ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінуде. БҰҰ бастамасымен жыл сайын 30 шілдеде атап өтілетін Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні қарсаңында ІІМ «Адам саудасы - ауыр қылмыс» атты ақпараттық науқан өткізуде. Оның мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарды адамдарды кейіннен қанау мақсатында арбаудың заманауи тәсілдері туралы хабардар ету. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің Үшінші басқарма бастығы Самат Кұсетов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, ІІМ «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңды іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Елде мәжбүрлі еңбекке тарту, жыныстық қанау және адам ағзаларын заңсыз алу секілді адам саудасының түрлі нысанын анықтауға және жолын кесуге бағытталған республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілуде.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері осы санаттағы 80 қылмыс тіркелді. Сонымен қатар адам саудасымен айналысқан екі ұйымдасқан топтың заңсыз қызметі тоқтатылды», – деді Самат Кұсетов.

Осындай жағдайлардың бірі Алматы қаласында анықталды. ІІМ мәліметінше, ұйымдасқан топ адамдарды қылмыстық мақсатта пайдалану үшін адам саудасымен айналысқан. Ведомство өкілі қаскөйлер тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды тауып, өз қатарына тартқанын айтып өтті. Кейін олардың атына Алматы және Шымкент қалаларында қымбат автокөліктерді рәсімдеу үшін оң кредиттік тарих қалыптастырып, кейіннен бұл көліктерді сатқан. Негізгі ұйымдастырушылар ұсталды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары жезөкшелікпен айналысуға арналған үй-жайларды ұсыну, жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету фактілерін анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 700-ден астам әкімшілік іс тіркелді. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 213 млн теңгеден асты.