Қазақстан тәуелсіздікдің алғашқы жылдарында көптеген тауар түрлері бойынша сыртқы жеткізушілерге тәуелді болды.
фото: egemen.kz
Қазір кез келген мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы сыртқы нарықтағы мүмкіндіктерімен қатар, ішкі өндірістік әлеуетіне де тікелей байланысты. Себебі, соңғы жылдардағы әлемдік нарықтағы өзгерістер – логистикалық бағыттардың қайта құрылуы, әлемдік нарықтағы бағаның құбылуы және геосаяси факторлар елдердің ішкі нарыққа ерекше назар аударуына себеп болды. Қазақстан үшін де ішкі нарықты қорғау, отандық өндірісті дамыту және экономикалық тәуелсіздікті күшейту – стратегиялық міндеттердің бірі. Өйткені тұрақты экономика ел ішінде қалыптасқан өндіріс жүйесіне, кәсіпкерліктің дамуына және халықтың сапалы тауарлармен қамтамасыз етілуіне сүйенеді. Ішкі нарықты қорғау – шетелдік өнімге тосқауыл қою емес, қазақстандық өндірушілердің де бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік жасау, ұлттық кәсіпкерлікті қолдау, өндіріс көлемін арттыру және тұтынушы үшін сапалы өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Қазақстан тәуелсіздікдің алғашқы жылдарында көптеген тауар түрлері бойынша сыртқы жеткізушілерге тәуелді болды. Бұл жағдай бір жағынан нарықты түрлі өнімдермен қамтамасыз етсе, екінші жағынан отандық өндірістің дамуына белгілі бір кедергілер туғызды. Сондықтан импортты алмастыру және ішкі өндірісті күшейту - қазіргі экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Импортты алмастыру дегеніміз – шетелден келетін барлық тауарды шектеу емес, Қазақстанда өндіруге болатын өнімдерді өз елімізде шығаруға жағдай жасау. Бұл әсіресе азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салалары үшін маңызды. Өйткені ел ішінде өндірілген әрбір өнім жаңа жұмыс орындарын құруға, салық түсімін көбейтуге және экономиканың тұрақтылығын сақтауға үлес қосады.
Қазақстан Үкіметінің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – өңдеу өнеркәсібін өркендету. Себебі шикізатты экспорттап, дайын өнімді қайта сатып алу экономикалық тұрғыдан өте тиімсіз. Сәйкесінше, соңғы жылдары елімізде өнеркәсіптік аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар арқылы жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық беріліп келеді. Бұл алаңдарда құрылыс материалдары, азық-түлік, химиялық өнімдер, машина жасау және басқа да бағыттар бойынша кәсіпорындар іске қосылып жатыр.
Ішкі нарықты қорғаудың ең өзекті бағыттарының бірі – азық-түлік қауіпсіздігі. Өйткені, халық санының көбеюі, қалалардың дамуы және тұтыну көлемінің артуы азық-түлік өндірісін тұрақты дамытуды талап етеді. Әрине, Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында үлкен әлеуетке ие. Алайда, басты мақсат – тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру емес, оларды терең өңдеу арқылы ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттыру. Осы ретте ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін өңдеу саласы дамыса, Қазақстан ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық нарықтағы позициясын да нығайта алады.
Қазақстан үшін қазір ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттырумен қатар, ұлттық брендтер қалыптастыру да өзекті. Өйткені, бүгінде мемлекеттердің экономикалық деңгейі қандай өнімдер шығаратынымен тығыз байланысты. Сондықтан елімізде кәсіпорындарды халықаралық стандарттарға сай ету, озық технологиялар енгізу, тұтынушылар ықыласына бөлену жжұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Демек, келешекте Қазақстан шикізат өндіріп қана қоймай, дайын өнімдер ұсынатын мемлекетке айналуы әбден мүмкін.
Жалпы, ішкі нарықты қорғау дегеніміз отандық өндірісті дамытуға бағытталған стратегиялық бағыт. Қай мемлекет болмасын, ішкі нарығын күшейте алса, сыртқы экономикалық әсерлерге де төтеп бере алады. Қазақстан дәл осы талаптарға сай бола алады деп айтуға болады. Өйткені, қазір елімізде мемлекет пен жеке сектордың байланысы нығайып, мемлекет тарапынан бизнес өкілдеріне қолайлы жағдай жасау, өнім сапасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы тұрғындардың тұрмысын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тек осы бағыттан айнымау қажет.
Б.Мейірханұлы,


