Әділет прапорщигі Ербол Ержанов 7 қаңтар күні тергеу изоляторына жасалған шабуыл кезінде мерт болды.
ERNUR.KZ. Талдықорған халқы Алматы облысы қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкері, әділет прапорщигі Ербол Ержановты ақтық сапарға шығарып салды. Ол тергеу изоляторына жасалған шабуыл кезінде қаза тапқан еді, деп жазады sputnik.kz.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, трагедия 7 қаңтарда Талдықорғанда болды.
Қаруланған топ ЛА-155/16 (тергеу изоляторы) мекемесі аумағының сыртында жүрген қызметкерлерге оқ атқан. Салдарынан әділет прапорщигі Ербол Ержанов ажал құшты. Оның басы мен аяғына оқ тиген.
Марқұмның әкесінің айтуынша, ұлы тергеу изоляторында 22 жыл қызмет етіпті.
"6 қаңтарда оның мерзімі аяқталып, ол зейнетке шығуы керек еді. Бірақ сұм ажал оны ортамыздан алып кетті. Ол Отанның бейбітшілігі мен тыныштығы үшін өз өмірін қиды. Лаңкестер бізді пайдаланып кетті, сондықтан ауызбіршілікте болайық. Арандатуға ермейік", - деді прапорщиктің әкесі.
Марқұмның артында жұбайы, екі баласы мен әкесі қалды. Ұлы – Әскери институттың курсанты. ҚАЖК ақпаратынша, елдегі жағдайға байланысты ол әкесін соңғы сапарға шығарып салуға келе алмады.