«Дала қазынасы» сериясымен шыққан «JETI QAZYNA» монеталары бірқатар аймақтарда айналымға енді. Олар тұрақты айналымдағы монеталармен қатар қолданылады.
ERNUR.KZ. ҚР Ұлттық банкі қолма-қол ақша айналымы департаментінің директоры Жомарт Қажмұратов «Дала қазынасы» сериясымен шыққан «JETI QAZYNA» монеталардың айналымға түсуі туралы түсініктеме берді, деп жазады ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, «Дала қазынасы» сериясымен шыққан «JETI QAZYNA» монеталары бірқатар аймақтарда айналымға енді. Олар тұрақты айналымдағы монеталармен қатар қолданылады.
«100 теңгелік биколорлы айналыстағы монеталар 7 түрде дайындалған. Олар – «ER JIGIT», «SULÝ ÁIEL», «QUMAI TAZY», «AQYL BILIM», «BEREN MYLTYQ», «JÚIRIK AT» және «QYRAN BÚRKIT». Техникалық сипаттамасы жағынан олар басқа айналыстағы номиналы 100 теңгелік монеталармен бірдей. Заңды төлем құралы. Яғни төлемдердің барлық түрлері үшін қабылдануы қажет. Оларды тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуге пайдалануға болады. Монеталардың параметрлері өзгеріссіз сақталғанын атап өткім келеді», - деді Жомарт Қажмұратов.
Егер кәсіпкерлер монеталарды қабылдаудан бас тартса, онда ҚР Әкімшілік кодексінің 206-бабына сәйкес оларға ескерту беріледі. Егер жағдай бір жыл ішінде қайталанса, 5-тен 25 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылған.
Тұрғындар өз арыз, шағымдарымен жақын маңдағы Ұлттық банктің филиалына жүгіне алады.