"Қайдан білейін?": Сұхбаты желіде қызу талқыға түскен ауыл әкімі өз әрекетін түсіндірді

0
565

Видеоүзіндіде журналист әкімге жетпей қалған 500 гектар жердің қалай анықталғаны туралы сұрайды.


ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы ауылдық округінің әкімі Майра Жәкімсалованың сұхбаты қызу талқыға түсті, деп жазады Stan.kz.

Видеоүзіндіде журналист әкімге жетпей қалған 500 гектар жердің қалай анықталғаны туралы сұрайды.

"Халық жүгінді... Бұл қалай анықталды? Бұл қалай анықталғанын мен қайдан білейін?" - деп жауап берген әкім.

"500 гектар жер жетпеді деп тұрсыз ғой", - деп жалғастырады журналист.

"Сұрақ қойма, мен жауап беремін, болды. Келістік пе? Бірінші рет сұхбат беріп тұрмын", - деп жауап берген әкім.

Әлеуметтік желі қолданушылары арасында пікір екіге бөлінген. Кейбіреулер әкімнің "шынайылығы" мен эмоциясын әзілмен қабылдаса, енді біреулер округ басшысы сұхбат бере алуы әрі тілшілермен сөйлескенде эмоцияға жол бермеуі керегін жеткізген.

Майра Жәкімсалованың өзі видеоны блогер оқушысы әрі әріптесі Тимур Жұманов жариялағанын айтты.

"Ол келіп, ескертпей жұмыс барысын түсірді, монтажын жасады, жариялады, пиар жасауды ұйғарған болу керек. Бұл сұраққа жауап беруге шынында да дайын емес едім. Ол дұрыс істемеді. Бірақ мен үшін сабақ болды", - дейді ол.

Округ басшысы бұл жағдайға байланысты қатты алаңдағанын жеткізді.

"Екі күн жыладым. Өз халқыма адал қызмет етемін, кейде денсаулығыма да қарамаймын. Оған істеген жұмысым дәлел. Facebook желісінде тұрғындар менің жағымда. Алайда әлеуметтік желілерде "лауазымды сатып алғанымды", "бір шендінің қызы" деп жазатындар бар. Бірақ мен қарапайым отбасынан шыққанмын. Сұхбат үзіндісіне келетін болсақ, жайылым жер қатынастары бөлімінің құзыретіне жатады. Қалай болғанда да, өзімді ақтамаймын", - деп қорытындылады Жәкімсалова.