"Қайдан жұқтырғаны белгісіз": Ақтөбеде бір жасар сәбиден коронавирус табылды

0
782

Отбасының басқа мүшелерінен вирус анықталмаған.


ERNUR.KZ. Ақтөбеде бір жасар сәбиден коронавирус анықталды деп жазады Nur.kz.

2019 жылы туған баланың ата-анасы 9 мамыр күні Ақтөбе жедел жәрдем қызметіне хабарласқан. Бір жасар сәбиде коронавирустың белгілері білінген. Яғни бүлдіршіннің дене қызуы 38 градусқа дейін көтеріліп, нәжісі сұйық болған.

Ал коронавирусты анықтайтын тест оң нәтиже көрсеткен. Бала анасымен бірге шұғыл түрде жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық. Бүлдіршінмен жақын байланыста болған барлық отбасы мүшелері уақытша стационарда оқшауланған.

Сараптама нәтижелері бойынша отбасындағылардың дені сау. Алайда сәбиді вирусты қалай және қайдан жұқтырғаны әлі белгісіз. Дәрігерлер кез келген заттың инфекция көзі болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Вирус балаға сатып әперген ойыншық арқылы да жұғуы мүмкін.

"Отбасы мүшелерінің талдаулары теріс нәтиже көрсетті. Ата-аналарының коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен байланыста болғаны туралы ақпарат жоқ. Эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр.

Бала инфекцияны ата-анасы үйге әкелген зат арқылы жұқтырған болуы мүмкін. Әзірге инфекцияның нақты көзін анықтау қиын", – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.