Ғарыштық бақылау негізінде анықталған қоқыс үйінділері уақытылы жойылады. Әкімдіктер аумақтарды жинау бойынша шаралар қабылдайды, алайда бұл жұмыс барлық өңірде бірдей тиімді жүргізілмейді.
ERNUR.KZ. Өкілеттіктерін тиісінше орындамағаны үшін 2025 жылы жергілікті атқарушы органдардың 165 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Кожиков ОКҚ брифингінде осылай деді.
Оның хабарлауынша, стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмау және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған алдын алу шараларының бірі – коммуналдық қалдықтарды таситын көлік құралдарының қозғалысын бақылау.
«2023 жылдың соңында цифрлық платформа әзірленіп, қазір ол өнеркәсіптік пайдалануға беру сатысында. Ол GPS датчиктері арқылы қоқыс таситын көліктердің қозғалысын бақылауға мүмкіндік беруімен қатар, қалдықтарды шығару процесін ашық етеді және олардың белгіленбеген жерлерге тасталуына жол бермейді», – деді спикер.
Қалдықтармен жұмыс саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту мен стихиялық қоқыс үйінділері үшін әкімшілік жауапкершілік шаралары арттырылды. Атап айтқанда, айыппұл мөлшері 100-ден 200 АЕК-ке дейін ұлғайып, сондай-ақ көлік құралдары мен бұзушылық жасауға пайдаланылған өзге заттарды тәркілеу қарастырылған.
Стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болуы қалдықтарды басқарудағы олқылықтарды ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениеттің төмен деңгейін және халық пен бизнестің санитарлық тәртіпті сақтауға жеткіліксіз қатысуын көрсетеді.
2024 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен аумақтардың санитарлық жағдайын жақсарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және азаматтар мен ұйымдарды экологиялық мәселелерді шешуге тарту мақсатында «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық жобасы іске қосылды. 2025 жылы «Таза Қазақстан» акциясы аясында 1294 экологиялық іс-шара ұйымдастырылды, соның ішінде республикалық және халықаралық акциялар өткзілді. Оларға 7 млн адам, оның ішінде 781 мың ерікті қатысты. Іс-шарлар аясында 844 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 1 млн гектардан астам аумақ тазартылды, сонымен қатар 3 млн ағаш отырғызылды.
Экологиялық жауапкершілікті және қоршаған ортаға саналы көзқарасты арттыру мақсатында республика бойынша эко-сағаттар мен дәрістер ұйымдастырылып, онда экология департаменттерінің басшылары мен мамандары дәріс өткізді. Сонымен қатар өнеркәсіптік нысандар мен департаменттердің аналитикалық зертханаларына таныстыру экскурсиялары ұйымдастырылды. Аталған іс-шараларға білім беру ұйымдарынан 5 мыңнан астам студент қатысты.
Ішкі істер органдары экология департаменттерімен бірлесіп, өткен жылдың сәуір айынан бастап рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мен сарқынды суды ағызуға жол бермеуге бағытталған республикалық акция аясында жүзеге асыруда. 1336 мобильді топ құрылып, 1473 экоактивист пен 541 блогердің қатысуымен 109 мыңнан астам рейд өткізілді. Барлығы 591 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде: 189,1 мың адам – жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін; 403 мың адам – абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,2 млрд теңгеден асты.


