ERNUR.KZ. Целиноград ауданы прокуратурасы қандастарды көшіру кезінде болған алаяқтық әрекеттерді анықтады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Прокурорлар аудандық мансап орталығының қызметін тексеріп шықты. Сол кезде азаматтардың ерікті қоныс аударуын ұйымдастыру заңнамасы талаптарын бұзу фактілері анықталды.
Қазіргі кезде қандастарға қатысты ірі мөлшерде алаяқтық жасау деректері бойынша іс қозғалды. Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі (алаяқтық, екі немесе одан да көп адамға қатысты әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Іс материалдары одан әрі талқылау үшін Ақмола облысының экономикалық тергеу органдарына жолданды.
Бұдан бөлек, аудан прокуратурасымен енгізілген қадағалау актісі негізінде Ақмола облысының Еңбек мобильдік орталығы мемлекеттен заңсыз алынған қаражатты қайтару туралы талап арыздарын сотқа берді. Аталған заң бұзушылықтарға жол берген жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.