Қаңтар оқиғасы: депутат ҰҚШҰ әскерінің тәртіп бұзушылықтары туралы сұрады

0
412

Заң жобасын талқылау барысында депутат Ерболат Саурықов қаңтар оқиғасын еске алып, Қазақстанға келген ҰҚШҰ әскерінің тәртіп бұзушылықтары туралы сұрады.


Қаңтар оқиғасы: депутат ҰҚШҰ әскерінің тәртіп бұзушылықтары туралы сұрады

ERNUR.KZ. Мәжіліс Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының күштеріне қатысты келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдады, деп жазады sputnik.kz.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Ерболат Саурықов қаңтар оқиғасын еске алып, Қазақстанға келген ҰҚШҰ әскерінің тәртіп бұзушылықтары туралы сұрады.
Оның айтуынша, келісімде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының күштері мен құралдарының ұйымға мүше елдерде болуын құқықтық мәселелерін реттеу көзделеді. Атап айтқанда, келісімде бітімгерлер не қарапайым азаматтар жасаған құқықтық бұзушылықтар жіберуші тараптың немесе қабылдаушы тараптың қайсысының юрисдикциясына жататыны жан-жақты баяндалған.
"Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік күштерінің ең алғашқы қолдану тәжірибесі 2022 жылы қаңтарда Қазақстанға орын алғаны баршаңызға белгілі. Айтыңызшы, осы бірнеше күн ішінде елімізде ҰҚШҰ-ға мүше елдердің әскерлері тарапынан біздің азаматтарымызға қатысты заңсыз әрекеттер немесе басқа да құқық бұзушылық мәселесі болды ма? Болса, қандай шара қолданылды”, - деді Саурықов.
Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдиновтың айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға келген ҰҚШҰ контингенті тарапынан құқық бұзушылықтар жасалған жоқ.
“Олар мандатқа сәйкес, тек стратегиялық нысандарды ғана қорғады, ешқандай іс-қимылға қатысқан жоқ. Сол контингенттің әскерлері бірде-бір оқ атқан жоқ”, - деп атап көрсетті Қамалетдинов.
Депутаттар “Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша құқықтық көмек көрсету және юрисдикция мәселелері жөніндегі келісімді ратификациялау туралы” заңды қабылдады.