Қаңтар оқиғасында алаңға ту көтеріп шығып, басына оқ тиген Берік Әбішев қазіргі жағдайын айтты

0
612

Бүгінде Берік Әбішев мүгедек арбасында отыр.


Қаңтар оқиғасында алаңға ту көтеріп шығып, басына оқ тиген Берік Әбішев қазіргі жағдайын айтты

ERNUR.KZ. Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы алаңға көк туды көтеріп шығып, басына оқ тиген Берік Әбішевтің жағдайы әлі мәз емес. Арбаға таңылған ер адамға осы уақыт ішінде 11 рет ота жасалған, бірақ оң нәтиже жоқ. 2022 жылдан бері шарасыз күйде жатқан азаматтық белсендінің отбасы жағдайларының қалай екенін айтты, деп жазады stan.kz.

Бүгінде Берік Әбішев мүгедек арбасында отыр. Бұрын көпшіл әрі досқа адал еді. Қолы қалт етсе жолдастарына жәрдемдесіп, бар тапқанын ортаға тастайтын. Қаңтар қасіретінен кейін өмірі күрт өзгерген. Қазіргі таңда жақын құрдастары хабарсыз кеткен, жанында жалғыз ғана досы қалыпты.

"Ауылдастар бұрын келіп тұратын, соңғы уақытта келмей кетті. Бір ғана досым бар. Дос көп еді, қазір бір-ақ досым қалды. Қазір жұмыс істеп жүрген жоқпын ғой, ақша жоқ. Достарым келіп тұратын, қазір енді олар жоқ қой. Келіп тұратын бір досым бар. Ол – Ғалым Байдалиев. Сол досым мені ылғи жуындырып, ары-бері тасып жүр", – дейді Берік Әбішев.

"Иә, Ғалым деген досы сенбі сайын келіп, моншаға түсіріп, қасында отырып, көшеге шығарып, алып кетіп жүреді. Берік бұрын көпшіл болатын. Достары, сыныптастары бәрі ұйымшыл еді. Соларды жинап, бастарын қосатын. Сыныптары да қазір онша көп келмейді. "Достарым келмей кетті" деп өзі де айтып отырады. Ғалым деген досына рақмет. Бәрібір іштей ой мазалайтын шығар", – дейді Берік Әбішевтің әйелі.

Қанды қаңтардан бері екі жылдан астам уақыт өтсе де басына оқ тиген азаматтың аяққа тұрар түрі жоқ. Таяуда ғана Түркияға ота жасатып келген. Алғашқыда халық әлеуметтік желі арқылы қаржылай көмектескен, бірақ жинаған ақша жетпей қалыпты.

"Осыдан бір ай бұрын Түркияға емге барып келдік. Екі айда аяққа тұрғызып береміз деген. Бірақ біздің қаражатымыз бір айға ғана жетті. Ол жақ мынадай жағдайдан қалай аман қалғанына таңғалды. Күтіммен ғана осындай нәтижеге жеткенін айтты. Бірақ өмірбақи осылай боп қалатынын айтты. Өйткені ми ұяшығының көп бөлігі жансыз, өліп қалған. Ми сигнал бермей тұр. Қазір үміттен гөрі күдік басым. Бірақ аяқ-қолы сау", – дейді Беріктің келіншегі Гүлнұр Маразикова.

Әйелінің айтуынша, анығында арбаға таңылған ер адамды бағып-қағу оңай емес. Соңғы екі жыл бұл отбасының өмірі ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндерге толы.

"Иә, қатты күйзелісте болдық. Үлкен қызым қатты стресс алды, психологпен жұмыс істедік. Әкесін осындай жағдайда қабылдау қиын болды. Бұрын әкесі күнде мектептен өзі алып келіп, балмұздақ пен тәтті суларын алып беретін. "Барлығы әкелерімен жүр. Алаңға неге шықтың?" деп әкесін кішкене кінәлайды. Екі жыл бойы тойға да бармадық. Елдерге айта салу оңай шығар, бірақ өте қиын. Оны жуындыру керек, тұзғызып, отырғызу керек дегендей... Бізге психологиялық тұрғыда да өте ауыр жағдай. Миы істемесе де, тым құрығында аяққа тұрып, өз еркімен жүрсе екен. Бір зейнетақыға күн көріп отырмыз", – деп жылады Гүлнұр Маразикова.

Мүгедек арбасына таңылған Берік Әбішевтің ендігі жоспары мен мақсаты – аяққа тұру. Бірақ қаржы қолды байлап тұр екен.