Ол алған жарақатынан көз жұмды.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Қарағанды облысында теміржол саласында қайғылы оқиға болды. Түн ортасында электровоз тәжірибелі жол монтерін қағып кетіп, салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Қайғылы оқиға 3 мамырға қараған түні сағат 02:03 шамасында Жаңа-Қарағанды станциясының бас жолында болған. Электровоз машинисі шамамен 60 км/сағ жылдамдықпен келе жатып, шұғыл тежеу қолданғанымен, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмаған. Қаза тапқан азамат – 1977 жылы туған, 4-разрядты жол монтері Әділбек Тоқин.
Алдын ала деректер бойынша, оқиға құрал-жабдықтарды күзету кезінде болған. Ол теміржол саласында 28 жылдан астам еңбек еткен.
Қайғылы жағдайға қатысты Көліктегі Полиция департаменті агенттік тілшісіне пікір білдірді.
«3 мамыр күні Қарағанды-Сұрыптау станциясы аумағында теміржол көлігі қозғалысының немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу фактісі бойынша, абайсызда адам өліміне әкелген оқиғаға қатысты Көліктегі полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген агенттік тілшісіне берген пікірінде.


