Аялдамадағы үш автобуста шамамен 200-ден астам жолаушы болған.
Иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден
ERNUR.KZ. Қарағандыда кешкі уақытта белгісіз адамдар аялдамада тұрған жолаушы автобустарына пневматикалық қарудан оқ атқан, деп жазады ҚазАқпарат.
Оқиға 8 қазан күні сағат 19.00 шамасында болған. Белгісіз адам пневматикалық қарудан оқ атып үш бағыттағы автобустың шынысын зақымдаған. Сол кезде №40 автобустың салонында 45-ке жуық, №45 маршрутты автобуста 120-ға жуық және №33 автобуста 70-ке жуық жолаушы болған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.
«Жағдайды тексеру барысында №45 маршруттық автобус салонынан пневматикада қолданылатын диаметрі 4,5 мм металл шарик табылды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 293 - бабының 3-бөлігінің 2-тармағы «Бұзақылық» бойынша қылмыстық іс тіркелді», - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктіні анықтау және ұстау шараларын қабылдауда.