Бұдан бұрын әлеуметтік желілерде Қарағанды облысындағы колонияда түсірілген видео тарады.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) колония қызметкерлерінің сотталғандарды қорлағанын растады, деп жазады ulysmedia.kz.
Еске салайық, бұдан бұрын әлеуметтік желілерде Қарағанды облысындағы колонияда түсірілген видео тарады. Кадрларда лыпамен ғана жүрген сотталғандарды еден жуғызуға мәжбүрлегенін көруге болады.
«ҚАЖД №31 мекемесінің қызметкерлері мен сотталғандардың Қарағанды және Ұлытау облысы бойынша заңсыз әрекеттері туралы бейнежазбаларды тарату фактісі болғанын хабарлайды. Қызметтік тергеу жүргізілді, қызметкерлер жауапқа тартылды»,- деп хабарлады ҚАЖД Қарағанды облысы мен Ұлытау облысы бойынша баспасөз қызметі.
Ведомство жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін құқық қорғау ұйымдары өкілдері мекемеге барғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, ҚАЖ департаментінің басшылығы тексеріс қорытындысы бойынша сотталғандардың туыстарымен кездесті.
«Қазіргі уақытта мекемедегі жағдай тұрақты және ҚАЖД басшылығының бақылауында», - делінген хабарламада.