Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылды

0
547

Мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.


Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылды

Сот Кәрім Мәсімовтің ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Кәрім Мәсімовке (ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы), А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповқа (ҚР ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасарлары) қатысты қылмыстық іс бойынша үкім олардың қатысуымен жарияланды. Сот істі "өте құпия"деген белгімен қарады.

Тергеу бойынша мынадай айыптар тағылды:

Кәрім Мәсімов пен А.Садықұлов мемлекетке опасыздық жасады (ҚК 175-бабының 1-бөлігі), ҚР-да билікті күшпен басып алды (ҚК 179-бабының 3-бөлігі) және билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды (ҚК 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы) деп айыпталды. Д.Ерғожинге ҚР-да билікті күшпен басып алды, (ҚК 179-бабының 3-бөлігі) және билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды деген, (ҚК 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы). Ал М.Осиповке билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды деген айып тағылды. (ҚК 362-бабының 3-бөлігі).

Сот шешімі

Кәрім Мәсімов ҚК-нің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

А.Садықұлов ҚК – нің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қосу арқылы 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

Д.Ерғожин ҚК – нің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қосу арқылы 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды. М.Осипов Қылмыстық кодекстің 362 – бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. К.Мәсімов, А.Садықұлов, Д.Ерғожин және М.Осипов генерал атақтарынан және мемлекеттік наградалардан айырылды.

Мемлекет кірісіне 10 млрд теңгеден астам қаржы мен 24 млн АҚШ доллары өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, ҰҚК-нің экс-басшысы Кәрім Мәсімовке қаңтар оқиғасы бойынша айып тағылған болатын. Бас прокурор Берік Асылов атап өткендей, тәртіпсіздіктер кезінде Мәсімовтің тапсырмасы бойынша ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен.