Қазіргі уақытта үй сауда-саттықтан алынып, мемлекеттік қажетілікке пайдалануға берілу туралы шешім қабылданды.
ERNUR.KZ. ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің үйі Астана қаласының әлеуметтік қажеттіліктері үшін пайдалануға беріледі, деп жазады baq.kz.
Елорда әкімдігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі болған зәулім үйді "Қайтарылған активтерді басқару компаниясына" беру туралы ресми түрде өтініш білдірген.
2025 жылы 18 сәуірде "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталында Астана қаласы, Нұра ауданы Қараөткел ықшамауданы Ерейментау көшесі, 1 мекенжайында орналасқан тұрғын үйді сату бойынша электрондық сауда өткізу туралы хабарлама жариялаған. Нысанның бастапқы бағасы 1 685 115 000 теңгені құрады.
Астана әкімдігі басқарушы компанияға көрсетілген жылжымайтын мүлік нысанын әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында беру жөнінде өтініш білдірді. Әзірге нысан біздің қарамағымызға өткен жоқ. Нақты қандай мақсатта қолданылуға берілетіндігін кейін хабарлаймыз, - деп жауап берді елорда әкімдігі редакцияның сауалына.
Әкімдіктің мәліметінше, үй енді қаланың әлеуметтік мақсаттағы жобаларына: білім, денсаулық сақтау немесе қоғамдық қажеттіліктерге қолдануға берілуі мүмкін.
Айта кетерлігі, бастапқыда 1,6 млрд теңгеге бағаланған үйдің электрондық саудаға қойылған соң біраз уақыттан бері өтпей тұрғаны айтылды.
2025 жылғы 21 сәуірде белгілі болғандай, Кәрім Мәсімовтің зәулім үйі 300 миллион теңгеге арзандаған еді.
Қазіргі уақытта үй сауда-саттықтан алынып, мемлекеттік қажетілікке пайдалануға берілу туралы шешім қабылданды.
Бұл активтерді басқаратын "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" 2023 жылы құрылған болатын. Оның негізгі міндеті — сыбайлас жемқорлық және заңсыз жолмен алынған мүліктерді мемлекет меншігіне қайтарып, оларды тиімді басқарып, сатудан түскен қаражатты мемлекеттік бюджетке аудару.