Бүгінде 300 мыңнан астам қазақстандықтың 5 жылдан бері төленбеген борышы бар.
ERNUR.KZ. Қазақстанда банк алдында қарызы барларға банкроттық рәсіміне қолжетімділік кеңейтіледі, деп жазады baq.kz.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мәлімдеді.
Оның айтуынша, соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысты өзгерістер әзірленіп жатыр. Қазір соттан тыс банкроттық тетігі жұмыс істеп тұрғанымен, төлем қабілеті нашарлаған азаматтардың көбі мұндай мүмкіндік бар екенін немесе оны қалай пайдалануға болатынын біле бермейді. Соның салдарынан соттан тыс банкроттыққа сай келетін көптеген борышкер қарыз мәселесін шешуге әрекет жасамай отыр.
Азаматтарды кеңірек қамту үшін 2026–2028 жылдарға арналған халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы аясында соттан тыс банкроттықтың проактивті механизмі енгізіледі, – деді Олжас Қизатов Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.
Жаңа тетікке сәйкес, төлем мерзімі бес жылдан асып кеткен, сондай-ақ өзекті ұялы телефон нөмірі тіркелген проблемалық қарыз алушыларға SMS-хабарлама жолданады. Хабарламада олардың берешегі бар екені және соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану мүмкіндігі көрсетіледі.
Егер азамат келісімін берсе, уәкілетті мемлекеттік орган соттан тыс банкроттық рәсімін бастайды. Мемлекеттік кредиттік бюроның дерегіне сәйкес, бүгінде мұндай талаптарға 300 мыңнан астам қарыз алушы сәйкес келеді, – деді агенттік басшысының орынбасары.


