Апат 13 қыркүйек күні болды.
фото: tengrinews.kz
ERNUR.KZ. Ақтауда «Меловой» шамшырағының қарсы бетінде болған катерлердің соқтығысына кінәлі тарап қандай жаза алғаны белгілі болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Қандай заңбұзушылықтар анықталды?
Маңғыстау облысы бойынша көлік бақылау инспекциясы алғашқы тексеру жүргізіп, заң бұзғандарды анықтады.
Инспекция мәліметінше, катер иелерінің бірі бірден Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің екі бабымен жауапқа тартылды:
- басқару құқығы жоқ адамға көлікті басқаруға беру,
- жалған тіркеу нөмірлерін пайдалану.
Жалпы айыппұл көлемі 30 АЕК немесе 117 960 теңгені құрады.
Анықталғандай, екі катердің де иелері басқаруды үшінші тұлғаларға тапсырған.
Тергеу жалғасуда
Оқиғаның нақты себептерін ҚР Көлік министрлігінің көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаменті анықтайды.
Екінші катер иесіне қатысты да әкімшілік іс қозғалған.
Жарақат алғандар жайлы
Еске салсақ, апат 13 қыркүйек күні сағат 19:30 шамасында болған. Екі моторлы қайық соқтығысып, екі адам зардап шекті. Олардың бірі – кәмелет жасына толмаған бала. Жарақат алғандар жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.
Кейін желіде катерлердің соқтығысы түсірілген бейнежазба жарияланды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жарақат алғандардың барлығы ауруханадан шығарылып, амбулаторлық ем алуды жалғастырып жатыр.