Кеше күн райының қолайсыздығы салдарынан шаһардың бірқатар аумағында электр желілеріне зақым келіп, жарық өшкен болатын.
Фото: бейнежазбадан
ERNUR.KZ. Қала билігі апаттың салдарын жою мақсатында күшейтілген режимде авариялық-қалпына келтіру жұмысы жүргізілгенін мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
Бұған дейін Қызылорда облысының Энергетика басқармасы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырған еді.
"Тасбөгет кенті аумағында ауа райының қолайсыздығына байланысты 10/04 әуе электр желісіне тұрғын үйдің шатыры құлап, электр желісі зақымданды. Соның салдарынан қазіргі уақытта бірнеше аумақта электр энергиясы уақытша өшіп тұр. Электрмен жабдықтау апат салдары толық жойылғаннан кейін кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі. Мамандар барлық қажетті жұмысты мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтауға күш салуда", – делінген хабарламада.
Қатты желден ағаштар құлап, қала аумағының жекелеген бөліктерінде (Саяхат, Сәулет, ескі Ипподром, СПМК-70, Сырдария, Арай мөлтек аудандары) электр энергиясының берілуі уақытша тоқтады. Бас тоған, Арай, Сабалақ және КНС нысандарында электр энергиясының өшуіне байланысты сорғы қондырғыларының жұмысы да уақытша үзілген-ді.
"Апаттың салдарын жою мақсатында күшейтілген режимде авариялық-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Оған 10 жедел бригада, 10 арнайы техника, 5 ауыр техника және 55 қызметкер жұмылдырылды. Мамандар тұрғын үйлер мен мекемелердің шатырынан электр желілеріне түскен бөгеттерді алып тастап, құлаған талдар мен көше жарығы тіректерінен келген зақымды жойды. Сынған электр бағаналары мен үзілген сымдарды қалпына келтірді. Қазіргі уақытта жұмыс толық аяқталып, электр энергиясы барлық тұтынушыға толық көлемде қайта берілді", – деп мәлім етті Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы.


