Еңбек министрлігі әлеуметтік төлемдер неге қайта қаралғанын түсіндірді

0
236

Әлеуметтік жәрдемақының 10 түрін есептеуге мұқтаждық деңгейін ескеру қағидатын енгізу кезінде қай елдердің тәжірибесіне сүйенгенін түсіндірді.


Еңбек министрлігі әлеуметтік төлемдер неге қайта қаралғанын түсіндірді

Ulysmedia.kz коллажы

ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрмысы жақсы азаматтарға әлеуметтік төлем беруді тоқтату арқылы мемлекет қолдауына мұқтаж отбасылардың әл-ауқатын арттыруға болады деп есептейді, деп жазады ulysmedia.kz.

Әлемдік тәжірибе

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі редакциямыздың сауалына жауап беріп, әлеуметтік жәрдемақының 10 түрін есептеуге мұқтаждық деңгейін ескеру қағидатын енгізу кезінде қай елдердің тәжірибесіне сүйенгенін түсіндірді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, Қазақстандағы әлеуметтік қолдау жүйесін өзгертпес бұрын бірқатар мемлекеттің тәжірибесі зерделенген.

«Әлеуметтік көмекті оңтайландыру көбіне төлемдерді қысқарту әрекеті ретінде қабылданады. Алайда бұл өзгерістің негізгі мақсаты басқа. Мемлекет қолдауы ең алдымен оған шын мәнінде мұқтаж адамдарға жетуі керек. Сондықтан көптеген елде отбасының табысы мен тұрмыс жағдайы ескеріліп, жәрдемақы тағайындау талаптары қайта қаралады. Сондай-ақ, қайталанатын әлеуметтік бағдарламалар біріктіріледі», – делінген министрліктің редакция сауалына берген жауабында.

Еңбек министрлігі мысал ретінде Қырғызстан, Франция және Канада сияқты елдердің тәжірибесін келтірді.

«Қазақстанда көпбалалы отбасыларға жәрдемақы табысына қарамастан тағайындалады. Ал Қырғызстанда осыған ұқсас «Үй-бүлөгө көмөк» жәрдемақысы тек мұқтаж отбасыларға беріледі. Яғни отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс белгіленген шектен төмен болуға тиіс. Канадада да балаларға төленетін тұрақты жәрдемақы отбасының табысына байланысты есептеледі. Бұл – әлеуметтік қолдаудың әртүрлі үлгілері. Оларды салыстыру арқылы мұқтаждық деңгейіне қарай көмек көрсету әлем елдерінде кеңінен қолданылатынын байқауға болады.
Бала дүниеге келгенде берілетін қолдау да әр елде әртүрлі. Мәселен, Польшада becikowe төлемі табысы төмен отбасыларға арналған. Францияда да бала тууына байланысты жәрдемақы отбасының материалдық жағдайына қарай тағайындалады. Канадада бала туғаны үшін біржолғы төлем қарастырылмаған. Оның орнына отбасының табысы ескеріліп, балаға тұрақты жәрдемақы төленеді. Ал Финляндияда ата-аналар ақшалай төлем мен жаңа туған нәрестеге қажет заттар салынған Baby Box жиынтығының бірін таңдай алады», – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Министрлік өкілдері әлем елдерінің барлығы әлеуметтік қолдау шараларын белгілі бір мақсатқа жету үшін қолданатынын атап өтті.

Мәселен, бала дүниеге келгенде отбасының табысына қарамастан қомақты біржолғы төлем беру халықтың туу көрсеткішін арттыруға бағытталған. Ал Қазақстан үшін қазіргі басты міндеттердің бірі – азаматтардың табыс деңгейіндегі алшақтықты азайту.

«Халықаралық тәжірибені салыстыру мұқтаждық деңгейін бағалау мемлекет қаржысын көмекке көбірек зәру азаматтарға бағыттаудың тиімді тәсілдерінің бірі екенін көрсетеді», – деп түйіндеді Еңбек министрлігі.

Дүниежүзілік банк Қазақстанға мұндай тәсілді қолдануды 2023 жылы ұсынған.

«2023 жылы жарияланған Kazakhstan: Strengthening Public Finance for Inclusive and Resilient Growth баяндамасында сарапшылар табысы төмен азаматтарға арналған әлеуметтік бағдарламалардың рөлін күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмекке басымдық беріп, жәрдемақының жекелеген түрлерін тағайындау кезінде отбасының мұқтаждық деңгейін тексеру мүмкіндігін қарастыруға кеңес берді», – деді министрлік қызметкерлері.

Дүниежүзілік банк әлеуметтік көмек тағайындау талаптарын жетілдіру қажеттігіне де ерекше назар аударған. Яғни мемлекет қолдауына мұқтаж емес азаматтар жәрдемақы алмауға тиіс. Бірақ сонымен бірге көмекке зәру тұрмысы төмен отбасылар назардан тыс қалмауы керек.

Баяндамада атаулы әлеуметтік көмек алу үшін белгіленген табыс шегін көтеру мүмкіндігі де айтылған. Бұл табысы төмен өзге де отбасыларды әлеуметтік қолдау бағдарламаларымен қамтуға жол ашады.

Триллиондаған теңге үнемделе ме?

Біз мұқтаждық деңгейін ескеру қағидатын енгізу арқылы Қазақстан қанша қаражат үнемдей алатынын анықтауға тырыстық.

Алайда Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, әзірге бюджет қаржысының қаншалықты үнемделетінін айту ерте. Өйткені Отбасының цифрлық картасындағы «А» және «В» санаттарына жататын қазақстандықтардың саны көп емес. Оның үстіне отбасылардың әлеуметтік әл-ауқаты ай сайын қайта бағаланып отырады.

Дегенмен министрлік мәліметінше, 2016–2025 жылдары тек көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақының өзіне 2,41 триллион теңге жұмсалған.

Қазақстанда ай сайынғы жәрдемақы мөлшері төрт баласы бар отбасылар үшін 69,3 мың теңгеден басталып, бала саны көп отбасыларға 432,5 мың теңгеге дейін жетеді.

«Әлеуметтік қолдауға осынша қомақты қаражат бөлінетіндіктен, төлемдердің шын мәнінде көмекке мұқтаж отбасыларға жетіп жатқанын және қолдауға зәру азаматтардың бағдарламалардан тыс қалып қоймағанын тұрақты түрде бағалап отыру аса маңызды», – деп атап өтті министрлік өкілдері.

Ведомство әлеуметтік көмекті мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындау мемлекет қолдауынан бас тарту дегенді білдірмейтінін ерекше атап өтті.

Керісінше, әр бағдарламаның қаншалықты нәтижелі екенін саралау қажет. Атап айтқанда, көмектің кімге беріліп жатқанын, алушылардың қаншалықты дұрыс анықталғанын, төлемдердің бірін-бірі қайталамайтынын және табысы төмен отбасылардың қолдаусыз қалмайтынын тексеру маңызды.

Министрліктің ұстанымынша, мемлекеттік көмек ең алдымен қиын жағдайдан өз күшімен шыға алмайтын азаматтарға берілуі тиіс. Ал өзін және отбасын қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар адамдарға да бірдей қаражат бөлу әлеуметтік қолдаудың тиімділігін төмендетеді.