Президент соңғы сапарында не айтты?
фото авторы: Жасұлан Сейдазым
Мыңдаған жылдар, сандаған ғасырлар бойы даңқты тарихы жалғасып келе жатқан Қазақстан жері көне де қасиетті жәдігерлерге толы. Соның ішіндегі шоқтығы биік, өзгелерден ерек, күллі түркі әлемі тәу ететін нысан – Түркістан төріндегі әйгілі Әмір Темір салдырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. ЮНЕСКО ұйымының Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, Орталық Азия аумағындағы күмбезі ең ірі сәулет ескерткіші XIV ғасырдың соңында бой көтерсе де, бүгінге дейін қаз қалпында сақталып келе жатыр. Дегенмен, мемлекет билігі мен ЮНЕСКО ұйымы бұл нысанды түрлі салдардан қорғау және сақтау мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Әрдайым нақты шешімдер арқылы іс-шаралар жүргізіп, кесененің ахуалы жан-жақты бақылауға алынған. Осы ретте сәулет ескерткішін келешек ғасырларға жеткізу масатында соңғы жылдары және қазір атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталмақпыз.
ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?
Естеріңізде болса, өткен жылы наурыз айының басында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылданған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Бұл құжат Қазақстанның ғана емес, тұтас түркі әлемінің рухани, тарихи әрі мәдени ордасы саналатын көне шаһардың мәртебесін айқындай түсті. Ең бастысы – құнды құжатта қаладағы көнеден жеткен тарихи жәдігерлерді басқару, қорғау мен сақтау; Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның аумағындағы нысандарды зерттеу мен жаңғырту; ұлттық құндылықтарды дәріптеу сынды салаларға қатысты маңызды шешімдер бекітілген. Сондай-ақ, арнайы заң арқылы әлемге әйгілі кесенені қаз қалпында сақтауға қауіп төндіретін, сәулет ескерткіштерінің көрінісіне кедергі келтіретін және үйлеспейтін құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынды. Қалада тарихи жәдігерлер қорын құру, кез келген тұрғын мен туриске қажетті инфрақұрылымдарды қолжетімді ету мәселесі де назарға алынған. Құжат арқылы тарихи-мәдени мұраларды қорғау, сақтау, бірегейлігін қамтамасыз ету және ұлттық құндылықтарды дәріптеушілерге қолдау көрсету мақсатында қала басшылығы мен мәслихатына қосымша құзіреттер де берілді. Яғни, бір жыл бұрын қабылданған арнайы заңның ерекшелігі – рухани шаһардағы ата-бабалардан мұра болған аманатты қорғауға арналуы.
ПРЕЗИДЕНТ СОҢҒЫ САПАРЫНДА НЕ АЙТТЫ?
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне соңғы рет бірнеше күн бұрын ғана Наурыз мерекесінде келді. Жұмыс апары барысында Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шараларға қатысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысы өз сөзінде көне шаһар жайлы ой қозғап, Түркістанға тәу ету үшін арнайы келгенін айтты.

Сонымен бірге, ел Президенті ретіндегі тұңғыш сапары да осы шаһарда басталғанын, күллі түркі әлемінің қасиетті мекеніне деген ықыласы әрдайым ерекше екенін жеткізді. Оған қоса, қаладағы тарихи жәдігерлер мен Қожа Ахмет Ясауидің ілімі қазақтың баға жетпес рухани-мәдени мұрасы екенін тілге тиек етті. Бұл Түркістан қаласы мен шаһардағы тарихи-мәдени мұраларды сақтау және қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінінің айғағы десек қателеспейтін шығармыз.
КЕСЕНЕ АУМАҒЫ НЕГЕ ҚОРШАЛДЫ?
Бұрындары қала тұрғындары мен туристер Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағына емін-еркін кіріп-шығып, тарихи нысандармен еш кедергісіз таныса беретін. Ал, 2026 жылдың 15 ақпанынан бастап кесене аумағы қоршалып, туристер арнайы қойылған турникеттер арқылы кіретін болды. Нақтырақ айтсақ, кесене және оның аумағы болып саналатын 88,7 гектар жер қоршалды. Себебі «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, бұл аумақ ел Үкіметінің 2024 жылы қабылданған қаулысы бойынша мемлекеттік қорғауға жататын нысандар қатарына енгізілген. Одан бөлек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның аумағы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне, ел азаматтарының денсаулығы мен өміріне қатер төндіруі ықтимал нысандардың да қатарында. Сондықтан, тарихи мұраны сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзет қызметін іске қосу және туристер ағынын реттеу мақсатында аталған аумақ қоршалды.

фото авторы: Ердәулет Сағындық
«Бұл маңызы жоғары іс-шараны жүзеге асырудағы мақсат – күллі түбі түркінің рухани астанасы, Қазақстанның қасиетті мекені, ұлт руханиятының ұстыны саналатын қастерлі жәдігердің сақталуын қамтамасыз ету, қауіпсіздік деңгейін көтеру және террористік сипаттағы теріс пиғылды әрекеттердің ықтималдығын төмендету, сонымен бірге, келушілер қозғалысын реттеп, аумақта жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігі мен бақылауын күшейту. Осы ретте Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихы мен қоршау аймағына енетін нысандарға тоқтала кетсек. 1977 жылдың 28 наурызында бұл нысан «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» ретінде ашылған. Музей алғашқы келушілерін 1978 жылы 30 қыркүйекте қабылдап, жұмысын бастаған. Ал, 1989 жылдың 28 тамызында Қазақ ССР Министрлер кеңесінің №256 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып құрылған. 2023 жылдың 19 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың №415 Жарлығымен «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығына Қазақстандағы музей-қорықтар арасында алғашқы болып «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бүгінде музей-қорыққа қарасты қырық бес тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың біреуі халықаралық, 24-і республикалық, біреуі жергілікті, 19-ы алдын-алу есепке алу тізіміне енгізілген. Түркістанның басты рухани-мәдени әрі тарихи жәдігері болып саналатын халықаралық дәрежедегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық теңдессіз сәулет туындысы ретінде 2003 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынды. Дүниежүзілік деңгейдегі маңызға ие болған нысанның ұлттық пантеон ретіндегі орны айрықша. Музей-қорық Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бөлек, Үлкен қылует (жер асты мешіті, ХІІ ғасыр), Әулие Құмшық Ата қылуеті (ХІІ ғасыр), Тәуке хан кесенесі (ХIV–ХVI ғасырлар), Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның зайыбы Рабия Сұлтан Бегім кесенесі (ХV ғасыр), Шығыс моншасы (ХVІ–ХVІІ ғасырлар), Есім хан кесенесі (ХVІІ ғасыр) және тағы да басқа археологиялық, тарихи-сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды. Сонымен қатар, кесененің хандар намаз оқыған Хан мешіті мен хандардың ордасы болған Хан ордасы нысандары да осы қоршау аймағында орналасқан. Жалпы, музей-қорық қорында 26 290 дана құнды тарихи жәдігерлер сақталған. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты тарихи ескерткіштерді сақтау, қорғау, зерттеу, насихаттау, оны туризм аймағына айналдыру және қазба орындарына археология, реставрация, консервация жұмыстарын ұйымдастыру міндеттерін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы» қазыналық кәсіпорны жүзеге асырады», - деп мәлімдеді аталған мекеменің баспасөз қызметі.
Осы орайда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен нысан аумағында Жолбарыс хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, Бөгенбай батыр сынды үш жүзден астам қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар жерленгенін атап өту керек. Музей-қорық мамандары жүргізген зерттеулердің нәтижесінде солардың 239-ы анықталған екен.
ЖАҢА АТА ЗАҢДА ҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҚ БАР?
Қазақстан Респуликасында жалпыхалықтық референдум өткізіліп, жаңа Конституцияның қабылданғанына көп бола қойған жоқ. Сол жаңа заң жобасында алғаш рет қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасын сақтау мен қорғау мәселесі реттелді. Атап айтқанда, Ата Заңның 6-бабында тарихи-мәдени жәдігерлер тұтас халықтың меншігі ретінде қатаң қорғалады. Сондай-ақ, 38-баптың талаптарына сәйкес, көне күннің ескерткіштерін қорғау мен сақтау ендігі кезекте кез келген адамның азаматтық парызы ғана емес, конституциялық міндеті болып та саналады. Сонымен қатар, ел аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер рухани тұрғыдан жаңғыру және білім-ғылым саласының негізі ретінде танылады.
Қорыта айтсақ, Қазақстандағы тарихи және мәдени мұраларды көздің қарашығындай қорғау мен сақтау мемлекет билігі мен қалың бұқараның ортақ міндеті.
Б.Мейірханұлы,


