Аза тұту рәсіміне мыңдаған адам жиналды.
фото: Sputnik/Ертай Сарбасов
ERNUR.KZ. Алматыда Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтіп жатыр, деп жазады sputnik.kz.
Халық әртісімен қоштасу Алматы опера және балет театрында өтуде.

Қоштасу рәсіміне Асанәлі Әшімовтің отбасы мен жақындары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары қатысуда.
"Асанәлі Әшімов кино өнерін дамытуға атсалысып, өз өмірін соған арнады. Біртұтас буын қалыптастырды деп айтуға болады. Келесі жылы 90 жылдық мерейтойын бүкіл Қазақстанның мәдени мерекесіне айналдырамыз деген жоспар бар еді", - деп атап өтті қала әкімі Дархан Сатыбалды.
елгілі кино және театр әртісі, режиссер, қазақ сахнасының абызы Асанәлі Әшімов 21 желтоқсан күні 88 жасында дүниеден өтті.
КСРО Халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында (қазіргі Жамбыл облысы) дүниеге келген.
Асанәлі Әшімов 1956–1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актёр мамандығы бойынша бітірген.
1961 жылдан ол Қазақфильм киностудиясына актёрлік штатқа қабылданды. 1964 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актёрлік құрамында болды.
Оның кинодағы Бекежан (Қыз Жібек, 1971), Шадияров (Атаманның ақыры, 1971), Мәмбет (Сарқырама, 1973), Қасымханов (Трансібір экспресі, 1977), Кемел (Нан дәмі), Нұрғазы (Алатаудың ай мүйізі), Қаражал (Жаушы, 1980), Шыңғыс хан (Бұлғар даласынан ескен жылы жел, 1998) рөлдері халыққа белгілі.
Ол Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ берді.
1990 жылдан-"Елім-ай"киностудиясының президенті.
2016 жылы Қазақстан театрлары қауымдастығын басқарды.
2019 жылдан — Алматыдағы "жаңа ғасыр" жастар театрының көркемдік жетекшісі.
Асанәлі Әшімов - Қазақстанның Еңбек Ері (2017). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). КСРО Халық әртісі (1980).


