Мәдени іс-шара барысында сценарийлер байқауының биылғы жеңімпаздар тізімі жарияланды.
ERNUR.KZ.ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Дебют» шығармашылық бірлестігі 2017 жылы түсірген қысқаметражды фильмдердің арнайы көрсетілімі Алматы қаласындағы «Арман» кинотеатрында өтті. Сондай-ақ мәдени іс-шара барысында сценарийлер байқауының биылғы жеңімпаздар тізімі жарияланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ kazakhfilmstudios.kz сайтына сілтеме жасап.
Көрсетілімнен кейін фильмдердің режиссерлері, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің жетекшісі Анар Қашағанова мен аталған бірлестіктің көркемдік жетекшісі Дәрежан Өмірбаевтың қатысуымен баспасөз отырысы өтті.
Баспасөз конференциясы барысында бірлестіктің жетекшісі Анар Қашағанова бұл көрсетілімнің басты мақсаты – жас режиссерлердің жұмыстарын қолдау әрі ынталандыру, өскелең кинематографистердің дебюттік фильмдеріне қызығушылық арттыру екенін айтты.
«Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі жыл сайын отандық кинематографты бірқатар жаңа есімдермен толықтырып отырады. Біздің бірлестікте түсірілген қысқаметражды фильмдер халықаралық кинофестивальдерде лайықты бағасын алып, марапаттарға қол жеткізіп жатыр. Мысалы «Асан» және «Тығылмақ» фильмдері мамырдың 8-і мен 19-ы аралығында Францияда өткен Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner бағдарламасы аясында көрсетілді. «Тығылмақ» фильмі жақында ғана өткен «Еуразия» және «Ертіс синема» кинофестивальдерінде де бақ сынады, - деді Анар Қашағанова.
Айта кетелік, «Қазақфильм» киностудиясы биыл да сценарийлер байқауын жариялаған болатын. Байқауға 80-нен астам жұмыстар түсіп, оның 10-ын іріктеу комиссиясы таңдап алған. Нәтижесінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі төменде көрсетілген он қысқаметражды фильмдердің авторларымен өндіріс бойынша келісім жасасты:
«Статусы: бос емес» (реж. Мәди Балжанов), «Жұлдыздар» (реж. Бексултан Әнуаров), «Пайдасыз жаратылыстар» (реж. Жәнібек Мұртазин), «Домбыра» (реж. Рамазан Халиолла), «Жюль Верн туралы емес» («Сары көйлек», реж. Талғат Әбішев), «Муза» (реж. Арман Қайыржан), «Қос ағаш» (реж. Рахымжан Қалдыгөз), «Тиын» (реж. Мұрат Есжан), «Тамыз» (реж.Жандос Кұсайынов) және «Тыныштық әні» (реж.Бағлан Кұдайберлиев).