Қазақстан әлемдегі ірі экономикалар рейтингінде көтерілді

0
128

Қазақстан жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі бойынша әлемдегі ірі экономикалар рейтингінде 47-орынға ие болды.


Қазақстан әлемдегі ірі экономикалар рейтингінде көтерілді

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамы бойынша, 2026 жылы еліміздегі номиналды ЖІӨ шамамен 398 миллиард доллар болады. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш, деп жазады tengrinews.kz.

Рейтингті Visual Capitalist талдау платформасы жариялады. Оның бағалауы бойынша, 2026 жылдың аяғына қарай әлемдік экономика көлемі 128 триллион доллардан асады - бұл 2023 жылғы көрсеткіштен шамамен 20 триллионға көп.

Әлемдегі ірі экономикалар рейтингінде не ескерілді?

Елдер номиналды жалпы ішкі өнім - бір жыл ішінде елде өндірілген барлық тауар мен қызметтердің құны бойынша салыстырылды. Бұл көрсеткіш нарықтық айырбас бағамдарын ескере отырып, ағымдағы АҚШ долларымен есептеледі.

Мұндай рейтинг ұлттық экономикалардың көлемін ақшалай салыстыруға мүмкіндік береді, бірақ халықтың өмір сүру деңгейін, табысын немесе сатып алу қабілетін тікелей көрсетпейді.

Қазақстан қай елдерді басып озды?

Қазақстан 397,92 миллиард доллар номиналды ЖІӨ-мен 47-орынға жайғасты. Қазақстаннан кейін 386,67 миллиард доллар көрсеткішпен Нигерия, 375,2 миллиард доллармен Португалия, 338,56 миллиард доллармен Финляндия және 331,89 миллиард доллармен Алжир тұр.

Рейтингтегі алғашқы үш орында ЖІӨ-сі 32,64 триллион доллар болатын АҚШ, 21,55 триллион доллармен Қытай және 5,47 триллион доллармен Германия тұр.

Орталық Азия елдері қандай орындарға ие болды?

Орталық Азиядағы бес ел рейтингке кірді, алайда Қазақстан экономика көлемі бойынша көршілерінен оқ бойы озық тұр. Өзбекстан 178,17 миллиард доллар ЖІӨ-мен 60-орынды, Түркіменстан 83 миллиард доллар көрсеткішімен 89-орынды, Қырғызстан 124-орынды (26,69 миллиард доллар) және Тәжікстан 134-орынды (21,11 миллиард доллар) иеленді. Осылайша, Қазақстан экономикасы Өзбекстан экономикасынан 2,2 есе үлкен.

Қазақстан үш сатыға көтерілді

2026 жылдың ақпанында Қазақстан Visual Capitalist рейтингінде 50-орында жайғасқан еді. Ол кезде елдің болжамды ЖІӨ-сі 320 миллиард доллар болып, әлемдегі ең ірі 50 экономика тізімін түйіндеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 40 экономика қатарына кіргені хабарланған болатын. Халықаралық менеджментті дамыту институты (IMD) дайындаған World Competitiveness Ranking 2026 рейтингінде еліміз 38-орынға ие болды.