«Қазақстан аруы» жобасының түсіру тобы «Қазақстан туралы әдемілікпен» атты тұсаукесер фильмін жасауға кірісті.
ERNUR.KZ. Биыл сәуір айында ел сұлуларының ішіндегі ең сұлу 19 жастағы павлодарлық студент Мәдина Батықтың бағы жанып, «Қазақстан аруы» атанғаны аян. Енді алдағы күндері, яғни 14 желтоқсанда Лондонда өтетін 69-шы «Әлем аруы» сұлулық байқауына біздің елімізден Мәдина Батық барады, деп жазады egemen.kz.
Сол «Әлем аруы» халықаралық конкурсына да бар болғаны 2 ай қалды. Ал Қазақстанның сұлулық тәжін киген қыз сәуірден бері өзінің ағылшын тілінен білімін жетілдіріп, дене бітімін жақсарта түсуі тиіс болатын.
Мәдина өнерден де құралақан емес. 14 жасында Май ауданындағы Байғабыл Жылқыбаев атындағы өнер мектебінің хореографиялық дипломын алған.
Бұл күндері «Қазақстан аруы-2019» С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде туризм мамандығы бойынша білім алып жатыр. Жеңіл атлетикамен, тенниспен айналысады, фитнеске барады.
Өмірден жеке бақытын тауып, тіршілікте табысты болуды армандайтын қазақ қызын енді алда үлкен сынақ күтіп тұр. Ол Лондонда өтетін «Әлем аруы» байқауында өз сұлулығын ғана емес, бүкіл Қазақ халқының өре-парасатын паш етуі тиіс.
Мәдинаға Қазақстанның сұлулық тәжін киген кезде 3 миллион теңге жүлде, Парижде дүкен аралау, жарнамалық агенттіктермен келісімшарттарға отыру бұйырғанымен, оның ең үлкен бақыты – бүкіл бір мемлекеттің атынан «Әлем аруы» байқауына қатысу болатын.
– Мен туризм саласы бойынша білім алуды жалғастыра беремін. Қазақстандағы туризмді дамытуға күшімді саламын. Өйткені мемлекетіміз үлкен туристік әлеуетке ие, – дейді Мәдина Батық.
Дәл осы күндері әлемдік сайысқа жолдама алған сұлу туралы «Қазақстан аруы» жобасының түсіру тобы «Қазақстан туралы әдемілікпен» атты тұсаукесер фильмін жасауға кірісті. «Қазақстан аруын» «Әлем аруы-2019» байқауында бүкіл дүнияға таныстыратын картинада Ұлы даламыздың ең көрікті жерлері, қасиетті мекендері, еліміздің ғажайып өлкелері мен табиғат тамашасы да қоса салтанат құратын болады.
Ал тұсаукесердің сценариін жасаған А.Ахметова шабытына OTYRAR SAZY&IFLY жобасының «Yapyr-ai» композициясы арқау болғанын айтады.
Ендігі жерде түсіру тобын ауқымды жұмыс күтіп тұр. Шығармашылық команда Қазақстан аруымен бірге еліміздің ең көрікті жерлерін шарлап, фильмге Қазақстанның әдемілігі мен тарихын, дәстүрі мен дастарқанын сыйғызуға күш салады.
Бұл роликтің басты кейіпкері, әрине Мәдина Батық Қазақстанның көгілдір көлі Қайыңдыға, Шарын шатқалдары мен археологиялық нысандарына, киелі жерлеріне атпен саяхат шегіп, асауды ауыздықтап, қолға үйреткен қазақ деген халық туралы баяндап отырады.
Қазақстан аруын таныстыратын тұсаукесер фильм еліміздің түрлі табиғатын, асқар таулары мен барқыт құм даласын қамти келе, Ұлы Жібек жолы бойымен жүріп отырып, 20 жылда әсем қалаға айналған еліміздің астанасында мәреге жетеді. Осылайша қазір жиырмаға толған Мәдина Батық ширек ғасырға да жетпейтін аралықта мегаполис шаһарға айналған Нұр-Сұлтан қаласы, Қазақстан туралы әдемілікпен әңгімесін аяқтайды.