Қазақстан Аустрияда жасыл жобалар байқауында екінші орын алды

0
229

Байқауда қазақстандық ‘Ozen-M” стартапы әлемнің 22 командасы арасында 2-орынға ие болды.


Қазақстан Аустрияда жасыл жобалар байқауында екінші орын алды

ERNUR.KZ. Аустрияның Вена қаласында Cleantech Days 2024 жаһандық форумы аясында жасыл жобалар байқауы өтті, деп жазады baq.kz.

Байқауда қазақстандық ‘Ozen-M” стартапы әлемнің 22 командасы арасында 2-орынға ие болды. Қазақстаннан ұсынылған екінші жоба Re-Compo ТОП-6 финалистер тізіміне енді.

Ozen-M – нақты уақыт режимінде өзендер мен көлдердің жағдайын бақылауға арналған интерактивті картасы бар веб-қосымша. Ол пайдаланушыларға су ресурстарын тиімді басқару мақсатында негізгі өзен мен оның салаларының ағынын, сондай-ақ өзен бассейніндегі негізгі гидротехникалық құрылыстардың орналасуын схемалық түрде көруге мүмкіндік береді.

Cleantech Days - UNIDO-ның жаһандық іс-шарасы, онда бүкіл әлемдегі GCIP финалистері таныстырылды. Қазақстан финалға бірден көп стартап шыққан ел болды. Біздің елден барлығы 4 жоба қатысты, олардың барлығы GCIP Kazakhstan 2023 акселерация бағдарламасының түлектері және 3 миллион теңге грант иегерлері.

GCIP Kazakhstan – Біріккен Ұлттар Ұйымының Индустриалды Даму Ұйымы (ЮНИДО) және Жаһандық экологиялық қор бастамасымен және Қазақстанда жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы. Қазақстан бағдарлама ұсынылатын 16 елдің ішінде.