Қазақстан банктері су тасқынынан зардап шеккендерге кредит төлеу мерзімін ұзартады

0
251

Олар сондай-ақ маусым айының соңына дейін кредит бойынша төлемдерді кешіктіргені үшін өсімпұл есептемейді.


Қазақстан банктері су тасқынынан зардап шеккендерге кредит төлеу мерзімін ұзартады

ERNUR.KZ. Қазақстандағы коммерциялық банктер су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға кредит төлеу мерзімін кейінге шегеруге дайын екенін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Қазақстанның екінші деңгейлі банктері су тасқынының салдарын жоюға және төтенше жағдайлардан зардап шеккен халық пен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған үкіметтің шұғыл шараларын қолдайды", - делінген хабарламада.

Су тасқынынан зардап шеккендерге банктер не ұсынады

Банктер мына қолдау шараларын көрсетуге дайын:
1. 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап 30 маусымына дейінгі кезеңде жергілікті атқарушы органдардың тізімі бойынша су тасқынынан зардап шеккендер қатарына жатқызылған қарыз алушылардың кредитті өтеу мерзімін ұзарту.
2. 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап 30 маусымына дейінгі кезеңде су тасқыны салдарынан қаржылық жағдайы нашарлаған қарыз алушыларға төлемді уақтылы төлемегені үшін айыппұл мен өсімпұл есептелмейді.
3. Су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметiнiң бұзылуына әкелген жеке кәсiпкерлер мен шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң кредит мiндеттемелерiн орындауды кейiнге қалдыру.
"Шегеру шараларын қолданудың нақты тетіктерін, соның ішінде тиісті өтініштерді беру және реттеуге келмейтін жағдайлардың туындауын растайтын құжаттарды ұсынуды әрбір банк өз бетінше белгілейді", - дейді қауымдастық.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері аталған тетіктердің сипаттамасы мен қарыз алушылар үшін қажетті барлық әрекет жақын арада банктердің ресми сайттарында және олардың әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жарияланады деп уәде берді.
Қауымдастықтың хабарлауынша, қазақстандық екінші деңгейлі банктер қаржы секторының қолдауымен үкіметтің су тасқынына қарсы шаралары барлық өңірдегі апаттан зардап шеккен тұрғындар мен кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге көмектесетініне сенімді.
Оларға қираған тұрғын үйлерді, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды қалпына келтіру секілді барлық қажетті көмек көрсетіледі, деп жазылған хабарламада.