Адам құқығы жөніндегі кеңес – БҰҰ жүйесінің үкіметаралық органы. Бұған дейін Қазақстан адам құқығы жөніндегі кеңеске 2013-2015 жылдары сайланған.
ERNUR.KZ. Қазақстан 2022-2024 жылдарға Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайланды, деп жазады sputnik.kz.
Елдің сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай шешім БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында қабылданды.
Қазақстан жұмысының басым бағыттары ретінде гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдер құқығы мен мүмкіндігін кеңейту, өлім жазасын жаппай жою, төзбеушіліктің барлық нысандарына қарсы күрес, дін мен сенім бостандығы, инклюзивті және жалпыға бірдей білім беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы кезінде адам құқығын құрметтеу бекітілген.
"Қазақстанның дүниежүзілік ұйымның бас құқық қорғау органына сайлануы оның адам құқығы мен бостандығын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды ілгерілету процесіне белсенді және жауапты қатысушы ретіндегі рөлін мойындау болып саналады", - деп мәлімдеді министрлік.
Қазақстанмен бірге БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңесінің құрамына АҚШ, Люксембург, Финляндия, Литва, Черногория, Аргентина, Гондурас, Парагвай, Бенин, Камерун, Эритрея, Гамбия, Сомали, Үндістан, Малайзия, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктері кірді.
Бұған дейін Қазақстан адам құқығы жөніндегі кеңеске 2013-2015 жылдары сайланған.
Адам құқығы жөніндегі кеңес – БҰҰ жүйесінің үкіметаралық органы. Оның құрамына әлемдегі адам құқығые көтермелеуге және қорғауға жауапты 47 мемлекет кіреді. Кеңес назар аударуды талап ететін адам құқығы саласындағы барлық мәселені талқылайды.
Кеңес мүшелері бес өңірлік топтан сайланады және өз міндеттерін үш жыл бойы атқарады. Адам құқықтары жөніндегі кеңестің отырысы БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде өтеді.