28 мамырда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Еркін Майшиновтың төрағалығымен алдын ала тыңдау басталды.
Әлеуметтік желілерден фото
ERNUR.KZ. Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апаты бойынша сот басталды, деп жазады Tengrinews.kz.
28 мамырда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Еркін Майшиновтың төрағалығымен алдын ала тыңдау басталды.
Жүргізушіге қандай айып тағылып отыр және оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
Күдікті А. П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі ("Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу") бойынша айыпталып отыр.
Анықтама: Бап санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Айыптау актісі
Алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы А. П. – Zeekr 001 автокөлігінің иесі әрі жүргізушісі – рөлге мас күйінде отырған.
Сондай-ақ айыптау мәліметтеріне сәйкес, ол көлікті тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірімен басқарған.
"Жүргізушіге көлікті тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін мемлекеттік нөмірлермен басқаруға тыйым салынады. Алайда сотталушы әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірі тағылған Zeekr 001 көлігімен келе жатып, шамамен сағат 3:30-да белгіленген жылдамдық режимін сағатына 80 шақырымнан асырып жіберген және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолданбаған.
Осылайша ол жол қозғалысының басқа қатысушыларының өмірі мен денсаулығына үнемі қауіп төндірген. Меңдіқұлов көшесімен қиылыста сотталушы қарсы бетке шығып кетіп, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes-Benz автокөлігімен бетпе-бет соқтығысуға жол берген”, – деді прокурор.
Соқтығысу салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапты: 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі, сондай-ақ оның 2003 және 2005 жылы туған екі жолаушысы.
Айыптау актісін оқу кезінде қаза тапқандардың туыстары көз жасына ерік берді.
Сотталушы қандай жылдамдықпен жүрген?
Сондай-ақ прокурор сотқа айыптаудың негізі болған ресми сараптамалардың қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, сотталушы жеңіл дәрежелі мас күйінде болған, ал соқтығысу алдында оның көлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымды құраған.
"Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, А. П.-ның қанынан 1,30 промилле концентрациясында этил спирті табылды, бұл жеңіл дәрежелі алкогольдік мас күйіне сәйкес келеді.
Кешенді фототехникалық сараптама қорытындысына сәйкес, Zeekr 001 автокөлігінің қарсы бетке шыққаннан кейін соқтығысу алдындағы есептік жылдамдығы сағатына шамамен 219 шақырымды құрауы мүмкін", – деп түйіндеді прокурор.
Сотталушы тағылған айыптың мәнін түсінетінін айтып, бұқаралық ақпарат құралдарында өзінің суреті мен анкеталық деректерін жарияламауды сұрады. Сондай-ақ ол істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты.ҚР ІІМ видеосынан кадр
Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.
Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.
Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшыларын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.
Апат алдындағы көше жарысы: полицияның қатысы бар ма?
Әлеуметтік желілерде жол апатына көше жарысы себеп болуы мүмкін екендігі туралы видеолар тарады. Жарияланым авторларының уәжі бойынша, бұл жарысқа Полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қатысты болуы мүмкін.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі видеоға сілтеме жасап, полицейдің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Жанжалдың салдары
Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Сондай-ақ ІІМ тергеудің жаңа мән-жайларын хабарлады.
"Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеру де, қылмыстық істер де аясында медиа кеңістікте таратылып жатқан ақпаратты қоса алғанда, барлық жағдай егжей-тегжейлі тексерілетін болады", - деп хабарлады бұған дейін департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Сондай-ақ ол мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілгені туралы уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.


