Қазақстанда егіздер ең көп дүниеге келетін Қызылорда мен Маңғыстау өңірі екен.
иллюстрациялық фото
Еліміз егіздерді дүниеге әкелуден әлем бойынша 48-ші орында екен. Бұл ретте Қызылорданың келіндері жарап тұр. Егіздерді көп туатын аймақ осы, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Алайда, ғалымдар Сыр өңірінің сырын әлі де анықтай алар емес. Бірі таза табиғаттан, өзгесі киелі топырақтан көреді. Дегенмен үлкендер сөйтіп екі ойлы жүргенде, елде егіздерді туудан алдына жан салмайтын тағы бір өңір белгілі болды. Бұл жолы батыста...Маңғыстау облысы, Үштаған ауылындағы Егіздер көшесі. Мұнда бір емес, екі емес, бірден жеті жұп егіз тұрады.
"Бұл енді Алланың берген сыйы шығар бізге. Тұқымымызда бар. Ауылымызда таза ауа, нәрлі, құнарлы. Сондықтан ауылымызда егіздер көп деп ойлаймын", дейді егіздердің анасы Бибігүл Аманқұсова.
«Енді басқа ауылдарда мысалы егіздер бірен-саран, азғантайдан ғана. Ары кетсе 3-4. Біздің ауылда енді 30-дан жоғары. Бізге дейін де қанша егіз болған. Олар бізге енді беймәлім да», дейді егіздің сыңары Бексұлтан Нұрмұқанов.
«Кейбір мұғалімдер айыра алмай жатады. Сол кезде атымызды сұрайды. Гүлмирасың ба сен, Гүлзирасың ба деп. Бағамызды ауыстырып қойыпжатады», егіздің сыңары Гүлмира Назарова.
Қызығы, бұл әулетте бес бала. Яғни, ағалы-әпкелі қос егізден соң, дүниеге тағы бір қыз бала келді. Енді әке-шешесіне «менің сыңарым қайда?» деп ренжиді екен.
Елу жылда ел жаңа. Бұл әулетте егіздер әр жарты ғасыр сайын туады екен. Атасының, кейін әкесінің, енді балаларының да егізі бар. Ал жұптары жазылмаған жандардың бірі ауырып қалса, екіншісі сол күйге түседі, бір-бірін етене сезетіндері әуелден белгілі.
«Кішкентай кезде енді бірге жүрдік қой. Бірге киіндік. Қазір енді есейдік. Университетте оқимыз. Мамандықтарымыз әр түрлі. Бексұлтандікі мұғалім болса, менікі тау-кен ісіндегі өндірістік бағыт. Бексұлтанды алатын болсақ, сабақты жақсы оқиды. Ал мен сабақты қатты қызығып оқымаймын шыны керек», дейді егіздің сыңары Нұрсұлтан Нұрмұқанов.