Қазақстан энергетикасы қаншалықты дамып жатыр?

0
246

Бүгінгі шолуда осы сауалдарға жауап іздейтін боламыз.


Қазақстан энергетикасы қаншалықты дамып жатыр?

фото: ҚР Энергетика министрлігі

Қазір дүниежүзі мемлекеттерінің алдында тұрған алпауыт мәселенің бірі – елді энергетикамен қамтамасыз ету ісі. Сондықтан бүкіл әлем тиімді энергетика көздерін табуға, әсіресе «жасыл жнергетика» бағытына ерекше басымдық берген. Тиісінше, Қазақстан да бұл үдерістің етегінен мықтап ұстап, «жасыл экономикаға» бет бұру арқылы энергия тапшылығын жою мақсатында ауқымды істерді жүзеге асырып жатыр. Бұл бағытты еліміздегі ең жылдам дамып келе жатқан саланың бірі деп те айтуға болады. Бұл салада нақты қандай оң көрсеткіштер бар? Қазақстан қандай тың бастамаларды қолға алды? Бүгінгі шолуда осы сауалдарға жауап іздейтін боламыз.


Бүгінде дүниежүзінде энергия тапшылығынан бөлек, экология саласы да өте өзекті. Сол себепті дамыған және дамушы елдер жаңартылатын, яғни таза энергия көздерін ұлғайтуға қажыр-қайратын жұмсап келеді. Сәйкесінше, Қазақстан бұл саланы соңғы бірер жылда ғана қолға алғанына қарамастан, таза энергияның жалпы өнідірстегі үлесін жеті пайыздан асырды. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл аталған саланың қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады. Былтырғы жылдың өзінде ел аумағында бес жел электр станциясы, үш күн эелектр станциясы мен бір су электр станциясы (ГЭС) іске қосылған. Қазіргі уақытта да әлемдік алпауым инвесторлар бұл саланы ілгерілетуге қаржы құю үстінде. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ақпараттарына сүйенсек, 2029 жылға дейін тағы жетпіске жуық заманауи жоба жүзеге асырылмақ. Ол жобалардың ішіндегі ерекшесі – ел аумағында салынатын атом электр станциясы болмақ. Бүгінде белсенді қоғамдық талқылаудан өткен жобаны іске асыруға әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, ел Үкіметі 2060 жылға дейін көміртекті энергия көздерін іске асыруды көздеп отыр.


Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта Қазақстан негізгі энергия көзі ретінде жылу бекеттерін қолданып отыр. ЖЭС-тердің отандық энергия қорындағы үлесі шамамен сексен пайызды құрайды екен. Десе де, мемлекет тарапынан бұл жүйелерді жаңғыртып, заман талабына сай ету жұмыстары атқарылып жатыр. Осы мақсатта 2029 жылға дейін іске асырылатын арнайы ұлттық жоба да бекітілген. Нәтижесінде жылу орталықтарының тозу деңгейі үш пайызға төмендеген екен. «Қызыл» аймақтағы онға жуық станция «сары» деңгейге, «сары» деңгейдегі 3 бекет «жасыл» дейгейге өткен. Былтырғы жылдың өзінде тозығы жеткен бекеттерді жаңғыртуға 400 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген.


Жалпы, Энергетика министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, бүгінде еліміздегі 37 жылу энергетика орталығының оны жасыл, он жетісі сары, қалғаны қызыл деңгейде екен. Мұндағы ерекше көңіл бөлуді талап ететін ЖЭО-лар Семей, Теміртау, Степногорск, Орал, Қызылорда, Петропавл, Арқалық, Тараз, Ақтау және Павлодар өңірлерінде орналасқан. Осы ретте халі мүшкіл бекттердің жұмысын жақсарту мақсатында кешенді жаңғырту жұмыстары атқарылмақ. Кейбірінде қажетті жұмыстар басталып та кеткен. Осылайша келесі жылу беру маусымына дейін қызыл аймақтағы 10 жылу энерго орталықты сары деңгейге өткізу жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, бұл жұмыстардың нәтижелі болуына өңірлердегі әкімдіктер мен мердігерлер әділетті түрде атсалысуы қажет.


Оған қоса, елімізде газбен қамтамасыз ету, газ өңдеу орындарын салу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазір бұл саланың көрсеткіші 62 пайызға жуықтаса, осы онжылдықтың соңына дейін газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 65 пайызға жеткізілмек.


Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, соңғы жылдары ел көлемінде өндірілетін электр қуатының көлемі едәуір ұлғайған. Мәселен, жаңа жүзжылдық басталған тұста өндіріс көлемі сағатын 51 миллиард киловатты құраған болса, соңғы көрсеткіш 122 миллиард киловатт/сағатқа жуықтаған. Көрсеткіштің бұлай еселенуіне жоғарыда айтылған жаңа энергия көздерінің іске қосылуы, саладағы құрал-жабдықтардың жаңғыртылуы сынды жұмыстар ықпалын тигізген. Осы ретте бүгінде Қазақстанда 240-қа жуық электр бекеті бар болса, соның жартысынан астамы жаңартылатын энергия бағыты бойынша жұмыс істеп тұрғанын айта кету керек. Бұл ел аумағында экологиялық тұрғыдан таза әрі өнімділігі жоғары энергетика көздерінің бірте-бірте көбейіп келе жатқанын аңғартады.


Министрлік мәліметіне сүйенсек, энергетика саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі жоспарына сәйкес, энергетика саласының әлеуетін екі есеге ұлғайту жоспарланған. Бұл межеге қол жеткізуге Түркістан өңірінде салынып жатқан бу-газ қондырғысы, Қызылордада салынып жатқан жылу энерго орталығы, Шымкент пен Астанада құрылысы басталатын жаңа станциялар, Алматы шаһарын табиғи газбен қамту жобасы сынды бастамалар ықпалын тигізбек. Бұдан басқа да өңірлерде жаңа технологиялар қолданылатын бірнеше жоба жүзеге асырылатын болады.


Сондай-ақ, Қазақстан энергетика қорын молайту мақсатында су көздерін тиімді пайдалануды жоспарлап отыр. Осыған орай жыл басында министрлік еліміздегі су-энергетикалық ресурстардың картасын цифрлық платформа ретінде даярлауды бастады. Бұл тиімді энергия көздеріне қатысы бар барлық салаларды бір жүйеде біріктіріп, жобаларды іске асыру мерзімін үнемдеуге оң әсерін тигізетін болады.

Еске сала кетсек, наурыз айының басында ел Президенті энергетика министрін қабылдаған еді. Қабылдауда Ерлан Ақкенженов Қасым-Жомарт Тоқаевқа саладағы ахуал, басымдық берілген жобаларды іске асыру, энергетика кешенін одан әрі ілгерілету бойынша есеп берді. Министр өз сөзінде 2026 жылы Алматыдағы екінші ЖЭО-ның құрылысы аяғына жетіп, Түркістан және Қызылорда өңірлеріндегі бу-газ қондырғысында электр бекеті салынатынын жеткізген. Мемлекет басшысы ведомство басшысына отын-энергетика саласын ілгерілете түсуді, энергетика бағытындағы бастамаларды сапалы әрі уақтылы іске асыруды, энергетиканы тиімді қолдану процесінде ЖИ-ді пайдалануды тапсырды. Демек, энергетика саласын өркендету, тиімді энергетика көздерін салу және бұл саланы цифрлы технологиялармен бірлестіру жұмыстары қарқынды түрде жалғаса бермек.

Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ