"Парижге барудың қажеті жоқ": БҚО-дағы ауылда Эйфель мұнарасының көшірмесі орнатылды

0
161

​Мектеп түлектері 20 жылдыққа орай ерекше сый жасаған.


Фото: Желіден

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысындағы Жалпақтал ауылының 2006 жылы мектеп бітірген түлектері елдімекенге Париждегі Эйфель мұнарасының көшірмесін сыйға тартты. Нысан "Ынтымақ" мұнарасы деген атауға ие болды, деп жазады inbusiness.kz.

Жалпақтал ауылында түлектердің туған жеріне ерекше тарту жасау дәстүрі қалыптасқан. Олардың қолдауымен саябақтар, балалар мен спорт алаңдары, басқа да нысандар салынып, ауыл көркейіп келеді.Әлеуметтік желіде жаңа нысанның суреті мен видеосы тарады. "Ынтымақ" мұнарасы деп аталатын нысанның биіктігі 30 метрге жетеді.

Бейресми ақпаратқа сәйкес, жобаның құны 45 миллион теңгеге бағаланған. Желі қолданушыларының пікірі қақ жарылды. Бірі "Эйфель мұнарасын көру үшін Парижге барудың қажеті жоқ", "ТМД елдерінің арасындағы Эйфель мұнарасының ең биік көшірмесі", "Жарайсыңдар! Өте әдемі" деген жағымды пікірлер қалдырса, тағы біреулері "босқа кеткен шығын" деп отыр. Десек те, жаңа мұнара ауылдың көрікті жерлерінің қатарына қосылғаны анық.

Айта кету керек, Франция астанасындағы Эйфель мұнарасының биіктігі 300 метрден асады. Ол Париждің ең танымал туристік нысандарының біріне айналған.