Оқиға куәгерлерінің айтуынша, шабуыл жасағандардың бірі жігіттің басынан бөтелкемен ұрған.
ERNUR.KZ. Алматы облысының Қарасай ауданында бір топ жас жігіт 23 жастағы азаматты аяусыз соққыға жықты. Қазір зардап шеккен жігіт жансақтау бөлімінде ауыр хәлде жатыр, деп жазады baq.kz.
Оқиға 23 мамыр күні кешкі сағат 21:00 мен 22:00 аралығында жеке үйлердің бірінің ауласында болған. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, шабуыл жасағандардың бірі жігіттің басынан бөтелкемен ұрған. Осыдан кейін оны бірнеше адам жабылып ұрып-соғып, тепкілеген. Кейін күдіктілер оқиға орнынан қашып кеткен.


Жарақат алған азамат ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген. Жақындарының сөзінше, жедел жәрдеммен бара жатқан жолда дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқан. Зардап шегушінің қан қысымы 80/60-қа дейін түсіп кеткен, үш рет құрысу болған. Кейін ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Дәрігерлер оған:
– жабық бас-ми жарақаты;
– мидың соғылуы;
– бастың самай тұсындағы жыртылған жарақат;
– бас сүйегінің сызықты сынуы диагноздарын қойған.
Алдын ала мәлімет бойынша, негізгі күдікті – 2004 жылы туған азамат. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Мәліметтерге қарағанда, күдікті «құдалық» шарасынан кейін мас күйде болып, топпен жасалған ауыр қылмысқа қатысы болуы мүмкін.
Жәбірленуші тараптың ашуын туғызған жайт – ауыр қылмысқа күдікті адамның оқиғадан кейін ізін суытып, ұзақ уақыт бойы Қарасай аудандық уақытша ұстау изоляторына қамалмағаны.
Полиция не дейді?
Бұл жағдайға қатысты Алматы облысының полиция департаменті BAQ.KZ тілшісіне пікір білдірді. Полиция Қаскелең қаласының 23 жастағы тұрғынына дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Полицияның мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында 22 жастағы күдікті анықталып, ұсталып, полицияға жеткізілген.
Алдын ала дерек бойынша, ер адамдар арасында жеке үйлердің бірінде спирттік ішімдік ішу кезінде жанжал шыққан. Оқиғадан кейін зардап шегуші медициналық көмекке жүгінген. Аурухана бұл туралы ақпаратты полицияға берген.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция істің толық әрі объективті қаралатынын мәлімдеді.


