Өткен жылдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 90 пайыздан асты және өсіп келеді.
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
ERNUR.KZ. Қазақстан қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі бойынша өшбасшы елге айналды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлімдеді.
– Қазақстан – қолма-қол ақшасыз экономиканы дамыту бойынша өңірдегі сөзсіз көшбасшы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 90 пайыздан асты және өсіп келеді. Салыстыру үшін айтсақ, ТМД елдеріндегі орташа көрсеткіш 60 пайызға да жетпейді, – деді Бинұр Жәленов.
Оның сөзінше, соңғы жылдары қолма-қол ақшасыз экономиканың көлемі қарқынды өсті. Атап айтқанда, 2016–2025 жылдары қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 116 есе өсіп, 1,6 трлн теңгеден 188 трлн теңгеге жеткен.
- Қолма-қол ақшасыз төлем қабылдайтын инфрақұрылым да кеңейді. Соңғы он жылда POS-терминалдар саны 1,3 млн құрылғыға жетіп отыр, - деді спикер.
Бинұр Жәленовтің айтуынша, мұндай нәтижеге мемлекеттік цифрландыру саясаты, халықтың цифрлық сервистерді белсенді пайдалануы және қаржы нарығындағы бәсекенің күшеюі ықпал еткен.
Еске салайық, 17 шілдеде Қазақстанда банкаралық QR арқылы төлем жасау сервисі іске қосылды. Ал 19 шілдеден бастап бірыңғай QR жүйесіне қатысу барлық екінші деңгейлі банк үшін міндетті болады.


