ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.
ERNUR.KZ. ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті, деп жазады ҚазАқпарат.
Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру», «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламалары қоғамдық сананы жаңғыртуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл тұрғыда өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері ерекше мәнге ие болып отыр.
Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша Қазақстанда балалардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету үшін институционалдық негіз құрылған. Бұл ретте 15 халықаралық құжат ратификацияланды, Балалар құқықтары жөнінде уәкіл институты, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, қиын ахуалдағы балаларға қолдау көрсету орталықтары жұмыс істеуде.
Айта кетейік, қанатқақты жоба ретінде 71 білім беру ұйымында тұтас педагогикалық процесте «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Сонымен қатар, Бас прокуратурамен бірлесе кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға негізделген «Балаларды бірге қорғаймыз» атты жол картасы эүзеге асырылуда. Бүгінде мектептерде 8 362 психолог, 4 268 әлеуметтік педагог, 2 177 полиция инспекторлары жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде ана өлімінің деңгейі 2017 жылы 1,5 пайызға, балалар өлімі 7 пайызға төмендеді. Өңірлерде 60 үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен отбасын жоспарлау, ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша 112 әлеуметтік жоба іске асырылды. Бес жасқа дейінгі балаларға патронаждық профилактикалық бақылау жүргізіліп, 600- ден астам балалар денсаулығы бөлмелері ұйымдастырылды.