Қазақстан су қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етіп жатыр?

0
238

Кейбір сарапшылар бұл кезеңді «жақандық су банкроттығы дәуірі» деп те атаған.


Қазақстан су қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етіп жатыр?

фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бүгінде әлем халқын алаңдатқан мәселе көп. Соның ең маңыздыларының бірі – су ресурстарының тапшылығы. Өйткені, су – тіршіліктің көзі, тіпті ең бағалы металл немесе мұнайдың өзі оның қасында маңыздылығын жоғалтады. Сондықтан да бұған дейін өзге құндылықтар үшін бәсекеге түсіп келген әлем елдері қазір барынша су саясатын реттеуге күш салып жатыр. Олардың арасында Қазақстан да бар. Атап айтқанда, тұрғындар санының көбеюі, агросектордың ұлғаюы мен трансшекаралық өзендерге тәуелділік су қауіпсіздігі проблемасын бірінші сатыға шығарып отыр. Ал, бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін мемлекет билігі су жүйесін басқаруды толық жаңғырту, сапалы ауызсумен қамту, су үнемдек технологияларын ендіру жұмыстарын қолға алды.


Бүкіл әлемдегі ахуалды бақылап отырған Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне сүйенсек, дүниежүзіндегі су ресурстарына деген қажеттілік демографиядан да жылдам көтеріліп жатыр екен. Соның салдарынан жер шары халқының оннан бір бөлігі аса жоғары су тапшылығын сезініп отырған көрінеді. Ал климаттың өзгеруі бұл тапшылықты одан сайын ұлғайтатыны болжанған. Халықаралық сарапшылардың пікіріне сүйенсек, аталған проблема 2050 жылға қарай ғана шешіліп, тұрақты басқару қалыптаспақ. Өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем халқын ауыз және ағын сумен қамтуға ықпал ететін тау мұздықтарының еру процесі бұзылып, тұрақсызданғанын мәлім еткен еді. Содан кейін кейбір сарапшылар бұл кезеңді «жақандық су банкроттығы дәуірі» деп те атаған.


Қазақстан Республикасы Орталық Азия аймағына кіреді. Ал, дәл осы аумақтағы су көздерінің басым бөлігі – трансшекаралық өзендер. Сондықтан да Орталық Азияда су ресурстары ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Демек Қазақстан үшін көршілес елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, пайдалы меморандумдар түзудің маңызы өте зор. Мәселен, соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдері арасында су және энергия ресурстарының тұрақтылығын сақтауға арналған жаңа меморандумдартүзіліп жатыр. Бұл бағыттағы келісімдердің маңызы өте жоғары. Өйткені қазір су қауіпсіздігі экологиялық проблема ғана емес, өнеркәсіп, энергетика, азық-түлік, тіпті халық санының өсуіне дейін әсер ететін жан-жақты мәселе. Мұндай кезеңде су жүйелерін жаңғырту және сандық платформаға көшіру, ірі қоймалар салу, су шығынын азайтуға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды қолданысқа енгізу сынды жұмыстар тотаусыз атқарылуы тиіс-ақ. Әйтпесе, аумағының басым бөлігі құрғақ климатқа жататын Қазақстан үшін бұл проблема ұлғая береді деуге болады. Бұлай деуге нақты себептер де жоқ емес. Мәселен, қазір ел аумағындағы тауларда мұздық көлемі кішірейіп келеді және бұл алдағы жылдары өзендердің арнасына кері әсерін тигізуі әбден ықтимал. Сонымен қатар, қазір Қазақстандағы су ресурсының жартысынан астамы агросекторда пайдаланылады екен. Бірақ ауыл шаруашылығы жерлеріне су жеткізетін каналдарда су шығыны азаяр емес. Оның үстіне елімізде күннен-күнге халық саны көбейіп, өнеркәсіптік аймақтардың көлемі ұлғайып келе жатыр. Бұл да суға деген сұранысты арттыратын факторлар.


Сәйкесінше, осы себептердің барлығын ескерген Қазақстан Үкіметі арнайы Су ресурстары және ирригация министрлігін құрып, жаңа Су заңнамасын қабылдады. Одан бөлек, су ресурстары жүйесін цифрландыру және су үнемдейтін технологияларды қолданысқа енгізу жұмыстарын күшейтті. Нәтижесінде ел аумағында су желілерін жаңғырту, жаңа су нысандарын салу жұмыстары қарқын алды. Мысалы, өткен жылы ел аумағында 50-ден астам ауқымды нысанның құрылысы аяқталған. Олардың арасында қайта жаңғырған және жаңадан жүргізілген ирригациялық жүйелер мен су құбырлары, қайта жөндеуден өткізілген су қоймалары, күрделі жөндеу көрген гидротехникалық нысандар бар. Сонымен қатар, көптеген каналдар заман талабына сай жаңғыртылып, су шығынын азайту жұмыстары да атқарылып келеді.


Ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтатын ақпарат көп. Атап айтсақ, кейінгі жылдары жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін енгізу жұмыстары қарқын алды. Нәтижесінде былтырғы жылдың өзінде 153 мың гектардан астам егістік алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жаңа әдіс қолданылатын жерлердің жалпы көлемі 543 мың гектарда асқан. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,3 миллион гектарға жеткізілмек. Осылайша қазақстандық диқандар бір жағынан суды үнемдесе, екінші жағынан өнім көлемін ұлғайтып жатыр.


Елімізде су ресурстарын реттеуге өте зор ықпалын тигізетін су қоймаларының да құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек тағы бірнеше қойманың жобасы жасалып, құжаттары рәсімделу үстінде. Ұлттық жоспар бойынша 2029 жылға дейін жиырмаға жуық жаңа қойма қолданысқа ьеріледі деп көзделген.


Елімізде су саласын сандық жүеге көшіру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Біршама жұмыс цифрлық платформаға көшіріліп те үлгерген. Оның бірі мемлекеттік ақпараттық платформамен біріктірілген Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі. Қазір диқандарға су беру келісімшарты да цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Бұл су тұтыну көрсеткіштерін жинақтау, төлем жасау сынды процестердің ашықтығын қамтиды. Нәтижесінде шығын азайып, адами фактор төмендей түседі. Мемлекет билігі өнеркәсіптік орындарға да суды қайта қолдану технологияларын қолданысқа енгізуді жүктеп отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл процестің арқасында 2030 жылдары суды қайта пайдалану көрсеткіші еселеп артып, 1 миллиард 500 миллион текше метр су үнемдеу мүмкін болмақ. Сондай-ақ, су саласына салынып жатқан инфестиция да көбейіп келеді. Атап айтсақ 2024-2025 жылдары аталған бағытқа тартылған инвестиция көлемі 579 млрд теңгеге жетіп, бұл қаражаттың басым бөлігі су қомалары, каналдар, құбырлар мен цифрлық жүйеге жұмсалып жатыр.


Қазақстан Үкіметінің алдында тұрған тағы бір маңызды міндет – тұрғындарды апалы ауыз сумен қамту. Тиісінше, су саласындағы реформалар бұл бағыттағы көрсеткіштерге де оң әсерін тигізіп жатыр. Атап айтар болсақ, былтыр ауыз су саласын жақсарту мақсатында ел өңірлерінде отызға жуық жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде сегіз ірі су желісі қолданысқа беріліп, 1600 шақырымға жуық құбыр тартылған. 300-ге жуық елдімекенде тұратын 500 мыңнан астам азамат сапалы ауызсумен қамытылған. Оның ішінде жетпістен астам ауыл алғаш рет су желісіне қосылған екен. Су ресурстары және ирригация министрлігінің жоспарына сүйенсек, алдағы уақытта тағы оннан аса ірі жоба іске асырылып, 140-тан аса елдімекен сапалы ауызсуға қол жеткізбек. Бұл көрсеткіштер Қазақстандағы су саласының тұрақты дамып, ауқымды жобалар қарқынды жүргізіліп жатқанын білдіреді.


Дегенмен, су саласында күрмеуі шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Бұл проблемалардың қатарына тозу деңгейі жоғары болып тұрған гидротехникалық нысандарды, трансшекаралық өзнедерді пайдалану мәселесінің толық шешілмегенін, климат өзгеруінің салдарынан өзендердегі ағыстың төмендеуін және агросекторға бағытталатын судың шығыны азая қоймағанын жатқызуға болады. Мүмкін, бұл проблемаларды толық шешу үшін мемлекеттік бюджеттен бөлінетін және инвестициядан түсетін қаржы жеткіліксіз шығар. Сондықтан қазірден бастап бұл салаға ғылыми тұрғыдан қарап, цифрлық технологияларды енгізумен қатар, су ресурстарын қолдану мәдениетін көтеру жұмыстарын атқару қажет секілді.


Сондай-ақ, әлемдік тәжірибелерге де көз жүгірткен абзал. Мәселен, Нидерланды елі цифрлық гидрологиялық бақылау жүйесі бойынша ғаламдық көшбасшылардың бірі. Ал, тамшылатып суару технологиясын қолдану бойынша Израиль бүкіл әлемге үлгі көрсетіп келеді және мұнда ағын судың 90 пайызға жуығы қайта қолданылады екен. Сингапур мемлекеті болса жауын-шашын суын жинақтау, ағынды және теңіз суларын тазарту арқылы су ресурстарына деген тәуелділікті азайтқан. Қазақстан да осындай әлемдік үдерістерден шет қалмай, су ресурстары саласын цифрландыру, суды қайта қолдану, су үнемдеу әдістерін енгізу жұмыстарын жүргізіп келеді. Сондықтан аталған салада серпін бар деп айтуға болады.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ