Маңғыстау облысында жол апатынан 4 адам ажал құшты

0
135

Тағы төрт адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.


Маңғыстау облысында жол апатынан 4 адам ажал құшты

Фото: Маңғыстау облысы ПД

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында жантүршігерлік жол апаты болып, төрт адам көз жұмды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп жазады inbusiness.kz.

Жол-көлік оқиғасы 16 қыркүйек күні сағат 20:30 шамасында республикалық маңызы бар Ақтау – Бейнеу тас жолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жолда келе жатқан екі Toyota Camry көлігі соқтығысқан.

Полицияның хабарлауынша, Жетібай ауылынан Шетпе ауылына бағыт алған Toyota Camry жүргізушісі жолда тұрған түйені қағып кеткен. Соққыдан кейін көлік қарсы бағытқа шығып, сол сәтте қарсы келе жатқан екінші Toyota Camry автокөлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан төрт адам алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты. Тағы төрт адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Екі көлік те арнайы тұраққа қойылып, қажетті сараптамалар тағайындалған.

Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция жол апатының барлық мән-жайын анықтап, соның ішінде түйенің иесін де іздестіріп жатыр.