МҮШЕЛ жаста ҚЫМБАТ БҰЙЫМ тарату міндет пе?

0
197

Мүшел жасты неге қатерлі санаған? Қамыстың қандай қатысы бар?


МҮШЕЛ жаста ҚЫМБАТ БҰЙЫМ тарату міндет пе?

Сурет: ЖИ

Әлеуметтік желіні парақтап отырып, осыдан 5 ай бұрынғы видеоға кезіктім. Дәстүрлі өнерді дәріптеуші, белгілі эстрада әншісі Қарақат Әбілдина жас өнерпаз Айым Тұрсынбекқызына өзінің киімін сыйға тартып жатқан сәті екен.

«Биыл мүшел жасқа кіреді екем. Өзіңнің қимайтын, жақсы көретін затыңды береді, сол ырымға сүйене отырып, Айым құлыншағымызға сыйлығым бар. Үлкен сахнада абыроймен келе жатқанымызға 30 жыл болыпты. «Біздің жолымызды берсін, бізден де асып өтсін!» деп дизайнерлік, әдемі дүниені Айымға арнап алып келдім. Өзімнің қатты ұнатып, арнайы тіккізген ғажап дүниемді қимай, ешкімге бермей жүр едім (ред.)» деп ағынан жарылды әнші.

Бейнежазбаның астындағы кей пікірлер таң қалдырды. Сын жазуды өзіне міндет санай ма әлде шынымен солай ойлай ма, әйтеуір кей кісілер Қарақат Әбілдинаның бұл қадамын құптамапты.

  • «Өзінің тағып жүрген алтынын берсе де болар еді ғой»
  • «Тұтынған заттарын тарату ұяттау сияқты»
  • «Ол қыз соны кие ме? Гигиенаға сай емес, біреудің киімін біреу кимейді»
  • «Көз тоятындай басқа дүние тарту етсе де болар еді ғой»
  • «Қимай жүрген заты «Картье» ме, алтын ба, бриллиант па бермей ме жас қызға?!» – осы тектес сын пікірлер көзге жиі шалынды.

Сонда бұл оқырмандар ырымның түпкі мәнін түсінбей ме әлде ескергісі келмей ме?

Мен білетін қоғамда мүшел жастың қауіп-қатерінен сақтану үшін киім-бұйым тарату керек деген ұғым санаға сіңген. Ол зат қимайтындай, сөйте тұра шын ниетпен жүректен жұлып алып берілу керек дегенге де сенеміз.

Адам қандай затын қимайды? Көбіне бағасы қымбатқа келгенін. Сондықтан мүшел жаста таратқан затын жақынына беруге, енді біреулер өзіне бұйыртып алып қалуға тырысатынын байқайтынмын. Жоғарыдағы пайымдар сондай түсінік-танымдағы жандардың аз емес екенін айғақтайды.

Мұндай көзқарас қаншалықты негізді? Мүшел жаста міндетті түрде қымбат бұйым тарату шарт па? Әр 12 жыл сайын айналып келетін бұл белеске қатысты халықтық ұғымдар тек осымен шектеле ме?


«Мүшел» – ескіден келе жатқан жыл санағы, бір айналымы 12 жылдан тұратын цикл. «Мүшел жас» – осындай екі цикл арасындағы өтпелі жыл. Оны жақсырақ түсіну үшін қазақ қамыс өсімдігімен салыстырған.


Қамыс сабағы буын-буыннан тұрады. Жел соққанда қамыс буынынан сынады. Дәл сол сияқты мүшел жас та адам өмірінің нәзік буыны. Тағдырдың дауылды сәттері осы кезеңге тап келсе, адамды сүріндіріп кетеді дейді. Оны қауіпті жас деп атайтыны да содан.



Қай жаста қандай қатер бар?

  • Баланың 13 жасқа толуы алғашқы мүшел саналады. Ол кезде гормондық өзгерістер болып, физикалық тұрғыдан пісіп жетіле бастайды. Ер балалардың даусы жуандап, қыз балалардың дене бітімі тартымды бола түседі. Бұл мүшелдің қауіпті болатын себебі, жасөспірімнің бойында желік пайда болады. Жел соққан секілді мінезінде ұйытқу, қуану, ренжу, өзін-өзі ұстай алмайтын, ауа-райы сияқты құбылмалы болады. Кейін ақырын орнына келеді. Сондай-ақ, баланың бойындағы өзгеріс кезеңі жайымен өтсе қауіп жоқ, ал күрт өзгерсе, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына шалдығуы мүмкін деседі.
  • Одан кейінгі мүшел – 25 жас. Бұл кезеңде адам қасқырдай қуатты болады. Ақылы толықсып, оң-солын ажыратып, жан-жағын бағамдай алады. Дегенмен, жүректілік танытып, қатерлі тәуекелге бас тігетін кезі де көп, бұл мүшелдің қауіпті болатын себебі осы.
  • 37 мен 49 жас та – ең керемет жастар. 37-де жігітшіліктен өтіп, толық ақыл тоқтатса, 49 – даналыққа аяқ басатын, ел ағасы болып, басқаларға ақыл айтатын көрегенді жас. Тәжірибесі мол, піскен жас. Алайда, халықтық тәжірибе мен уақыт тезіне сүйене отырып 37-ні ең басты әрі қауіпті мүшел деп жатады. Бұлай деуге көпшілік кісілердің дәл осы жасында дүниеден өтуі себеп болған сыңайлы.
  • 61 жас – ата жас, пайғамбар жасы деп те жатады. Бұл жаста адамның көпшілігі немере сүйіп, даналығы артып, ұрпақ тәрбиесімен мықтап айналысады.
  • 73 жас – қарттықтың басы, бұл жасқа жеткендер ақсақал болып есептеледі. Кәрілік мойынға мініп, аяғын тұсап, дөңбекшіп барып ұйқыға кететін кез. Алайда қазір ғылым мен техниканың, медицинаның өркендеуінің арқасында кейбірі орта жастағыдай жүретін болды.
  • 85 жас – нағыз кәрілік. Балаша көңілшек, ұмытшақ, ұрысқақ болатын кезең.
  • Әрі қарайғы мүшел жастарды 97 – қалжырау, 109 – шөпшек сүю, 121 жасты – немене сүю деп жіктейді.

Мүшел жасты санау кезінде бір нәрсені ескеру керек. Қазақша жыл санағы наурыз айынан, дәлірек айтсақ, 22 наурыздан басталатындықтан, көптеген этнографиялық деректерде мүшел жас та осы уақытта кіреді деп есептеледі. Яғни, қаңтар, ақпан айларында, наурыздың басында туғандар үшін мүшел жас көктемгі күн мен түннің теңелуінен кейін ғана басталады. Дегенмен, қазіргі азаматтық күнтізбе мен кейбір өңірлік дәстүрлерде адамның туған күнінен бастап есептеу де кең тараған.


Мүшел жас – барлық жағынан өзгерістер мен жаңашылдықтарға толы жыл саналады. Осы жылы адамның тұрмыс-тіршілігі ғана емес, өмірге деген көзқарасы да қатты өзгеріске ұшырауы мүмкін. Мүшел жаста кездескен сынақтарды жеңе алғандар бұрығынға қарағанда әлдеқайда мықты, тәжірибелі, дана, көреген болып шығады. Қиындықтар мен сындардан сүрінбей өту үшін әр қадамына, дене мен бой күтіміне, денсаулыққа, жақындармен қарым-қатынасқа мұқият қарау керек.


Қандай ырымдар жасалады?

Халық наным-сенімі бойынша әрбір мүшел жас бір күйден екінші күйге өту болып табылады. Мұндай ауысу сәтінде адам қараңғы күштерге осал. Олардың ықпалына түспеу үшін түрлі ырым-жырымдар жасалды.

  • Мүшел жастағы адамды мүмкіндігінше көп жақсылық жасау, адамдарға көмектесу, жомарт болуға шақырған.
  • Мүшел жасқа толған жыл атауына ие болған малды бауыздамайды, қан шығармайды. Қан шығарса, қауіп-қатер болады деп ырымдаған және мал сойғызбаған.
  • 25 жасқа толғанда дүркіретіп тойламайды. Тек бір жыл өткізіп жіберіп, не бір жыл алдын тойласа құп.
  • Мүшел жаста үйленуге болмайды деген де сенім болған. Сол жылды өткізіп жіберіп, не мүшел жастан бұрын үйленген. Бұл жаста қыз да ұзатылмайды, енші бермейді және алмайды. Мүшелде той болса, оның қайыры болмай, мал дүниесі шашылып, берекет кетеді, ажырасып кету, қатерге ұшырау, шаңырағы шайқалу сынды қауіп бар деп ойлаған. Бұлай ойлауға мүшел жаста пайда болатын мінезіндегі алып-ұшпалық, мүшел жастың желігі қате қадамдарға апаруы мүмкін екендігі негіз болғандай.
  • Ырымдардың ең танымалы мақаланың басында айтылды: мүшел жасқа кірген адам өзіне ең жақсы көретін бірнеше нәрсені таңдап, туыстарына немесе мұқтаж адамдарға таратуы керек. Заттардың қымбат болуы міндетті емес, бастысы, беруші үшін маңызды, құндылығы жоғары болса жеткілікті. Ол киім ғана емес, басқа да тұрмыс-тіршілікке қажетті зат бола береді.
  • Содан кейін мүшел жасын жасырып, не бір жасқа артық, не кем айтады. Өйткені, нағыз толықсып, айы оңынан туып тұрған шағында тіл-көз тиіп кетеді деп есептейді.
  • Бұрындары мүшел жасқа толғанда жалғыз өзі ұзақ сапарға шықпайтын болыпты. Өйткені мүшел жаста адам әлсіз күйде болады, қауіп-қатердің арасында өмір сүреді деп ырымдаған.
  • Сондай-ақ мүшел жаста бөтен үйде қонбаған. Ол кезде басында бақ пен зор қатар таласып жүреді деп сенеді. Егер біреудің отбасына қонса, сол үйде «не сорым қалады, не басымдағы бағым қалады» деп ойлаған.
  • Одан қалды, мүшел жасында сәнді киініп, көрікті болып, көзге түспейді. Себебі ондай жағдайда тіл мен көз тез тиеді деп қорыққан.
  • Мүшел жасқа байланысты тағы бір салт – оның соңындағы мереке. Қонақтарды мейлінше көп күту, сонымен қатар кей өңірлерде қошқар сойып, өзіне ештеңе қалдырмай, етін түгел тарату салты болған.
  • Этнографтардың айтуынша, мүшел жасқа шыққан адам өзінің қимайтын бір затын тілеуін тілеп жүретін жанға: жолдас-жорасына, қарияға, құрбысына береді. Не болмаса аузы дуалы адамға беріп, содан бата алған. Қимайтын затын бергеннен кейін көңілі кеңейіп, сергіп қалады екен. Мұндағы киім-бұйым тарату мен мал етін таратуды жомарт болу, жақсылық жасау, біреулерге себепсіз сыйлық беріп қуантумен байланыстыруға әбден болады. Өзіне төнген қауіп-қатер, сырқат садақа беру арқылы кетеді деген де сенім бар. Осы ретте мүшел жаста өзгелерге берілетін бұйымды аман-саулық, бақыт жолында берілген садақа деп қабылдауға да болады. Оны кімге беру керек деген де даулы мәселе. Біреулер өз жақынына беруді құптаса, енді біреулер жағдайы төмен, мұқтаж жанға ұсынған дұрыс деп санайды екен.

Құнды дүниені немесе киімді біреуге бермей қалсаң, міндетті түрде басыңа қайғы төнеді деген сөз емес. Бұл – халықтың амандық тілеп, көңілді кеңейту үшін ойлап тапқан, ғасырлар бойы сұрыпталған әдемі дәстүрі. Сол себепті, «бұл дұрыс емес, мынау бұрыс» деп сын айтудың орнына, әркім өзінің ықыласы түскен затын кімге сыйлағысы келсе де өзі шешкені жөн. Бастысы, берілген сыйдың артында таза ниет пен ізгі тілек жатса болғаны.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ТОЙдағы ыңғайсыз ОЙЫНдарға «ТОЙЫП БІТТІК»

Мұғалімнің сабақ УАҚЫТын білдірмей ҰРЛАЙТЫН 10 әдеті