Әлемдік рейтингте Қазақстанның бір көрсеткіші дамыған елдерден де жоғары шықты. Еліміздің қай жетістігі халықаралық сарапшылардың назарын аударды?
ERNUR.KZ. Қазақстан жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясаттың әлеуеті бойынша Германия, Франция және Жапония сияқты дамыған елдерден жоғары көрсеткішке ие болды. Бұл Ұлыбританияның Oxford Insights талдау орталығы әзірлеген Government AI Readiness Index 2025 халықаралық рейтингінің толық есебінде көрсетілген. Зерттеуде елдер жалпы рейтингі бойынша ғана емес, алты жеке бағыт бойынша да салыстырылған, деп жазады baq.kz.
Government AI Readiness Index 2025 мемлекеттердің жасанды интеллектіні қоғам игілігіне пайдалану қабілетін бағалайды. Зерттеу барысында 195 ел 69 көрсеткіш негізінде алты бағыт бойынша сараланған. Олар: мемлекеттік саясатты қалыптастыру әлеуеті, басқару жүйесі, жасанды интеллект инфрақұрылымы, мемлекеттік секторға енгізу, технологияларды дамыту және тарату, сондай-ақ орнықтылық.
2025 жылғы желтоқсанда Қазақстан рейтингте 60-орынға тұрақтағаны хабарланған болатын. Алайда 2026 жылғы қаңтарда жарияланған есептің түпкілікті нұсқасында авторлар ұпайлар мен орындарға қатысты қателерді түзеткен. Соның нәтижесінде Қазақстан 195 елдің арасында 56,7 балл жинап, 58-орынға жайғасқан.
Қазақстан Германия мен Жапониядан жоғары көрсеткішке ие болды
Қазақстан ең жоғары нәтижені «Мемлекеттік саясатты қалыптастыру әлеуеті» бағыты бойынша көрсетті. Бұл санатта еліміз 100 балдың 88-ін жинаған.
Аталған көрсеткіш үкіметтің жасанды интеллект саласындағы нақты саясат әзірлеу, оны жүзеге асыру, қажетті ресурстар бөлу және халықаралық ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін бағалайды.
Осы бағыт бойынша Қазақстан Германияны (84,5 балл), Францияны (77,5 балл), Жапонияны (70 балл), Австрияны (66 балл) және Швейцарияны (39 балл) басып озған. Норвегия, Бразилия және Таиланд та Қазақстанмен бірдей нәтиже көрсеткен.
Айта кетейік, жалпы рейтингте Франция әлемде екінші, Германия алтыншы, ал Жапония 14-орында тұр.
Қазақстан мемлекеттік секторға жасанды интеллектіні енгізу көрсеткіші бойынша да жоғары нәтиже көрсеткен. Бұл бағытта еліміздің көрсеткіші – 73,6 балл. Есеп авторлары Қазақстанды Үндістан, Түркия және Өзбекстанмен бірге мемлекеттік қызметте жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесі қалыптасып келе жатқан елдердің қатарына қосқан.
Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның көрсеткіші
Орталық Азия мемлекеттері арасында Қазақстан көш бастап тұр. Рейтингте Өзбекстан 62-орынға, Қырғызстан 119-орынға, Тәжікстан 130-орынға, Түрікменстан 159-орынға орналасқан.
Қазақстан ТМД-дағы өзге серіктес мемлекеттерден де жоғары нәтиже көрсеткен. Мәселен, Әзербайжан 69-орынға, Армения 103-орынға, Беларусь 121-орынға тұрақтаған.
Зерттеу авторлары Қазақстанды Оңтүстік және Орталық Азия өңіріндегі елдер арасында Үндістан мен Түркиядан кейінгі үшінші орынға орналастырған.
Есепте 2025 жылғы шілдеде Қазақстанда отандық суперкомпьютер іске қосылғаны да атап өтілген. Сонымен қатар мемлекет жасанды интеллект дағдыларын меңгерген бір миллион адам даярлау мақсатын қойғаны көрсетілген.
Зерттеу авторлары өңірдегі елдердің даму қарқыны біркелкі емес екенін де ескертеді. Олардың бағалауынша, Ауғанстан мен Түрікменстан жасанды интеллект саласында өзге мемлекеттерден қалып келеді. Аталған елдерде тіпті осы бағыттағы ресми стратегия да жоқ.
Қазақстанға қай бағыттарды дамыту қажет?
Сонымен бірге есепте Қазақстанның әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыттары көрсетілген.
Ең төмен көрсеткіш «Орнықтылық» санатында тіркелген – 37,4 балл. Бұл бағыт жасанды интеллектінің қоғам мен экономикаға әкелетін өзгерістеріне мемлекеттің қаншалықты дайын екенін бағалайды.
Ал «Технологияларды дамыту және тарату» бағыты бойынша Қазақстан 39,9 балл жинаған. Бұл көрсеткіш жеке сектордағы жасанды интеллект индустриясының даму деңгейін және білікті мамандардың әлеуетін қамтиды.
Есеп авторларының пікірінше, Қазақстан үшін келесі маңызды кезең жасанды интеллект шешімдерін коммерцияландырумен, жеке технологиялық сектор мен стартаптарды дамытумен, сондай-ақ бизнестің деректер мен қаржыландыруға қолжетімділігін арттырумен байланысты.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрлық экономиканы қалыптастыруды ел алдындағы басты міндеттердің бірі ретінде атаған.


